Елімізде “Адам саудасы – ауыр қылмыс!” атты республикалық ақпараттық науқан өтуде. Іс-шараның мақсаты – қоғамның назарын адам саудасы мәселесіне аударып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Осы орайда елімізде 4 бірдей үгіт-насихат пойызы жұмыс істеуде. Олардың біреуі Петропавлдан Алматы қаласына бағыт алған. Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында полиция қызметкерлері, заңгерлер және бейінді ұйымдардың өкілдері бар.
АЯГӨЗ БАЙМЕНОВА, СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасының жедел уәкілі:
Іс-шара аясында 12 қаланы қамтитын 4 арнайы пойыз жолға шықты. Олар “Оңтүстік”, “Солтүстік”, “Батыс” және “Шығыс” бағыттары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін болады. Біз теріскейден күнгейге бет алдық. Оның барысында Көкшетау, Қарағанды, Алматы қалаларының аялдамаларында тоқтап, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жолаушыларға тегін құқықтық кеңес береміз.
Айта кетейік жалпы, ҚР ҚК-нің 128-бабына сәйкес, адам саудасы үшін 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген. Егер қылмыс ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза 9 жылдан 12 жылға дейін, ал ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған немесе жәбірленушінің өліміне әкеп соққан жағдайда 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ұлан Ыдырыс

