Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Петропавлда татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың ескерткіші ашылды

Петропавлда татар халқының ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Ғабдолла Тоқайдың 140 жылдығына орай ескерткіш ашылды. Бюст ақынның есімі берілген жаңа саябақтан орын тепті. Ескерткіштің ашылу салтанатына Татарстан Раисы Рустам Минниханов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар, шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген татар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері де қатысты. Барша Қазақстанға татарстандықтардың сәлемін жолдай келген Дүниежүзілік татар конгресі Ұлттық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Шакир Данисов бүгінгі мереке – қос бауырлас ұлттың арасындағы сыйластықтың айқын көрініс деді.

ШАКИР ДАНИСОВ, Дүниежүзілік татар конгресі Ұлттық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:

— Бүгін шынымен де тарихи оқиға орын алып жатыр. Қазақ халқының біздің мәдениетімізге деген құрметін аса бағалаймын. Бұл – Қазақстанда Ғабдолла Тоқайдың ашылған үшінші ескерткіші. Қазан қаласында да Абайдың құрметіне ескерткіш орнатылған. Бұл екі бауырлас халықтың ынтымақтастығының көрінісі деп есептеймін. Осы игі іске ұйытқы болған баршаңызға алғысым шексіз.

Ескерткіштің авторы – қазандық мүсінші Винера Абдуллина. Бюсттің орналасқан жері арнайы таңдалған. Жақын жерде Мағжан орталығы орналасқан. Зерттеушілердің айтуынша, Ғабдолла Тоқайдың шығармашылығы Мағжанның дүниетанымына әсер еткен екен. Қала тұрғындарының айтуынша Мағжан орталығы мен татар ақынының ескерткіші сәтті үйлесім тауып отыр.

Бұдан кейін татарстандық делегация “Дін-Мұхаммед” мешітіне кіріп шықты және Мағжан Жұмабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Жаннұр Бектұрғанова