Сабантой аясында ұйымдастырылған мерекелік шараның бірі – халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі. “Qyzylzhar” арт-орталығында Татарстан елінен арнайы келген шеберлер дизайнерлік киім үлгілері, тоқыма, сөмке, аксессуарлар мен көрпе-жастық жабдықтарын ұсынды. Барлығы ұлттық нақышта тігілген. Орталықта екі фото-көрме де ұйымдастырылды. Ол Солтүстік Қазақстан өңірінінің 90 жылдығы мен Сабантой мерекесіне арналды.
АЙШАБИБІ ХАДЕСОВА, СҚО тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:
— Бұл алаң – мәдениет пен өнердің орталығы. Мұнда бауырлас халықтардың қолөнері мен тарихы ұштасып, келушілерге керемет рухани әсер сыйлап жатыр. Өте пайдалы әрі мазмұнды орта құрастыра алдық деп үміттенеміз.
Шараға 20-дан астам сәндік қолданбалы өнер шебері қатысты. Солардың бірі – қазандық Лилия Гараева. Шебер киім тігумен 6 жыл айналысады. Өзінің бренді де бар. Жәрмеңкеге татар халқының ұлттық бас киімі – түбәтәйларды әкелген. Айтуынша, өрнектерді өзі өмірге әкеледі. Бір иллюстрацияны салуға 1 айдай уақыт кетеді екен.
ЛИЛИЯ ГАРАЕВА, сәндік қолданбалы өнер шебері, Татарстан Республикасы, РФ:
— Мен татар ертегілерін оқып, оларға иллюстрациялар жасаймын. Өрнектерді киім мен аксессуарлардың матасына түсіремін. Жәрмеңкеге түбәтәй, балаларға арналған бас киім – қаляпуштарды, авторлық өрнегі бар жиделерді, жібек орамалдар мен сөмкелерді әкелдім. Татар мәдениеті мен қазақ мәдениеті бір-біріне өте жақын. Ұқсас оюлары мен ортақ тарихы бар.
Шетелдік қонақтармен қатар жергілікті шеберлер де өз жұмыстарын ұсынды. Көпшіліктің назарына ерекше іліккен қолөнершінің бірі – Дмитрий Нападов. Ол темірді көркем өңдеумен айналысады. Халықаралық жәрмеңкелерге қатысқан. Темірден жасалған раушан гүлін Мәдениет министрі Аида Балаеваға да табыстаған екен.
ДМИТРИЙ НАПАДОВ, сәндік қолданбалы өнер шебері, М.Жұмабаев ауданы:
— Мен “көркем соғумен” айналысамын. Ыстықтай соғу, темірден мүсіндер жасау, тұмарлар мен декор заттарын әзірлеуге маманданғанмын. Бұл өте қажырлы әрі ұзақ еңбекті талап етеді. Металды суық күйінде өңдеу мүмкін емес, оны бірнеше рет қыздырып, соғып, ерекше түс беру үшін қарайту әдісімен өңдеп, таттанудан қорғау үшін яхта лагымен бояу қажет. Ауылдық жерлерде шөміш немесе пешке арналған жабдықтар секілді заттар сұранысқа ие.
Жәрмеңке алаңында жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар ән шырқады, халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Сабантой – татар және башқұрт халықтарының ежелгі ұлттық мерекесі. Мереке табиғатпен бірлікті, еңбек пен татулықты қадірлеуге шақырады. Жәрмеңке мен көрмені тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтарынан алған әсерді сұрап білдік.
Жаннұр Бектұрғанова

