Kurultai banner mobile

Спорт

Палуандар белдескен Сабантой

АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші:

— Сабантойдың сәні – күрес. Татарша айтсақ, көрәш. Арқан тарту да қызықты сайыс. Қазір осылардың куәсі боламыз.

“Көрәш” – татар халқының ежелден келе жатқан ұлттық белдесу өнері. Бұл күрес түрі ғасырлар бойы Сабантой мерекесінің негізгі сайысы ретінде өткізіліп келеді. Петропавлдағы турнирге 100-ге жуық спортшы қатысты.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Біздің Солтүстік Қазақстан облысынан, сонымен қатар, көршілес жатқан Астана, Көкшетау, Қостанай қалаларынан, Ресей мен Татарстан елдерінен, Ульянов облысынан келген қатысушылар болды. 8 салмақ дәрежесі болды. 3 салмақ дәрежесі – жасөспірімдер, ал қалған 5 салмақ дәрежесі ересектер арасында болды. Негізі, бұл спорт түрі бізде дамымаған – татар халқының ұлттық спорт түрі, дегенмен, осындай достық қарым-қатынаста көптеген спорттық іс-шараларда күресуге болады деп ойлаймыз.

“Көрәштің” “қазақ күресінен” бір айырмашылығы – мұнда белбеуден ұстап, адамды кілемге жауырынымен лақтырады әрі аяқпен шалуға болмайды. Дүбірлі додада кіші салмақ дәрежесінде жас спортшылар өнер көрсетсе, ересектер арасындағы өткен кезеңде тәжірибелі, беделді палуандар күш сынастырды. Бірінші орын алған азаматқа 180 мың теңге, екінші орынға – 120, ал үшіншіге 60 мың теңге тағайындалған. Петропавлдық балуан Дмитрий Динер бас жүлдеден үміткер. Жерлесіміз – ел чемпионы, әлем кубогының жүлдегері.

ДМИТРИЙ ДИНЕР, палуан, Петропавл қаласы:

— Петропавл қаласы атынан 85 келі салмақта күресіп жатырмын. 2 кездесу өтті, екеуінде де ұттым. Тағы 2 кездесу қалды. Жеңіске жетіп, чемпион атанатын ниетім бар.

“Көрәш” – тек күш сынасатын спорт емес, ол ептілік пен төзімділікті талап ететін дода. Әр белдесу тартысты өтті. Палуандардың шеберлігі мен жеңіске деген жігері жанкүйерлердің қолдауына ие болды.

Жарыстың қорытындысы бойынша 100 келіден аса салмақта күрескен қостанайлық палуан Талғат Жиентаев бас жүлдені ұтып алды. Ол татарстандық спортшы Айнұр Галимзяновты айқын басымдықпен жеңді.
Жеңімпазға Lada Granta автокөлігінің кілті табыс етілді.

Аружан Сұлтанова