Петропавлда Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері болды. Меймандар шаһарымызға жауапты міндетпен келіп кетті. Олар Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше ерлік көрсеткен қазақ батыры Қалабай Дүйсембаевқа тиесілі «I дәрежелі Отан соғысы орденінің» марапат кітапшасын әкелді. Мамлют ауданының тумасы танк взводының командирі болған. Өндірісі өркендеген Ставрополь қаласын жаудан қорғау кезінде көзсіз ерлікке барып, ажал құшқан.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
—Өте өжет азамат болған. Америкалық танктер неміс танктеріне қарсы тұра алмаған екен. Соған қарамастан Кавказдағы мұнайға ұмтылған фашистерге қарсы шыққан. Өзі бірнеше танкті, 40-қа жуық жауды жойған. Өзінің танкісі өртенгенде екінші танкке мінген.
Небәрі 22 жасында мерт болған лейтенанттың жиендері бертін келе деректерді іздестіріпті. Мәскеудегі орталық архивтен құжаттар табылады, батырдың жерленген жері анықталады. Марқұмның қарындасы Ханшайым Жұмашева ағасының қабіріне туған жердің топырағын апарған. Сонда қосымша ақпарат та мәлім болады.
ЛӘЗЗАТ ЖҰМАШЕВА, Қалабай Дүйсембаевтың жиені:
— Аналарым барған кезде бөлім командирінің көзі тірі болған. Соның айтуына сүйенсек, нағашы ағам Хутор деген ауылды қорғауға қатысқан. Күндіз-түні оқ атылған. Ұрыстар тек 1 сағатқа марқұмдардың денесін алмасу үшін тоқтаған екен. Елді мекен 9 рет қолдан-қолға өткен. Анам мен ағам барған кезде басшылығы, тұрғындары жылы қарсы алыпты. Арнайы көлік берілген. Нағашымның басына апарған.
Ханшайым Жұмашева – бүгінде 90-ға таяған кейуана. Ол ағасы соғыста болғанда өмірге келген. Көзі көрмесе де жат жерде ерлікпен ажал құшқан батыр үшін бауыры езіледі. Марапат кітапшасы араға 84 жыл салып табысталып тұр. Жауынгердің қарындасы көз жасына ерік берді.
ХАНШАЙЫМ ЖҰМАШЕВА, Қалабай Дүйсембаевтың қарындасы:
— Үйге жоқ ағамды тірілтіп әкелдіңдер. Документ үйде, ағам да үйде.
Ханшайым Жұмашева қолына мықтап қысқан, кеудесіне басқан бұл марапаттың өзіндік табысталу тарихы бар. Майдангердің жиендері жақында интернет арқылы нағашыларының «I дәрежелі Отан соғысы орденіне» тағайындалғанын, кейін табысталмағанын біледі. Көп ұзамай Ресей тарапына сұрау жолданады.
СОФИЯ ГАЛЬЧИНА, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы:
— Арнайы куәлікті жауынгердің жақындарына әкеліп отырмыз. Жауапты міндетті орындадық. Бұл – ерліктің дәлелі, бұл – мақтана айтатын, ұрпақ үлгі алатын жетістік. «I дәрежелі Отан соғысы ордені» – дәрежесі жоғары марапат. Бұндайға екінің бірі қол жеткізбеген. Бүгін иығымыздан ауыр жүк түсіп отыр.
Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі өкілдері бұған дейін де өңірімізде болып, сарбаздарға тиесілі марапаттарды табысталыпты. Соңғы сапар 2019 жылы жасалған екен.
Байболат Құлтанов

