Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

Облыс орталығында бірнеше шағын ауданда электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соған байланысты Солнечный және Борки кенттері, жеке тұрғын үй секторында және бірнеше көшеде жарық уақытша сөндірілуде. Жұмысшылар тозығы жеткен электр сымдарын жаңартады, күрделі жөндеуді қажет ететін бағаналарды қалпына келтіреді. Барлығы – 350 метр кабель ауыстырылады. Бүгінде жоспарланған жұмыстың жартысына жуығы атқарылған. Жөндеу жұмыстарына 3 арнайы техника мен 10 маман тартылған.

СЕРГЕЙ ГАВРИЛОВ, “Солтүстік Қазақстан Электржелістік тарату компаниясы” АҚ бас инженерінің орынбасары:

— Бұл жұмыстар электр желілерінің бастапқы ресурсын қалпына келтіріп, технологиялық ақаулардың алдын алу үшін жүргізіліп жатыр. Кабель желілерімен қатар, тозығы жеткен кейбір электр бағандары да ауыстырылады. Жұмыс күзгі-қысқы маусымда тұрғындарды электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз етуге бағытталған. Жөндеу жұмыстарын айдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Жалпы, өңірде алдағы жылыту мауысымына дайындық қызу жүріп жатыр. Жыл басынан бері энергетиктер облыс бойынша 95 шақырымға жуық электр желісін жөндеп, 7 бірдей аудандағы қосалқы станциялар мен трансформаторлар жөндеуден өткізілді.