Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда биыл декларацияны 18 мыңға жуық адам тапсырады

Биыл Қазақстанда 270.00 нысан бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру жалғасуда. Бұл құжатты заңда белгіленген азаматтар ұсынады. Декларацияда азаматтың кірістері мен заңда көрсетілген мүлкі туралы мәліметтер көрсетіледі. Петропавл қаласында 270-ші нысанды 18 мыңға жуық адам толтыруы тиіс. Әзірге олардың 40 пайызы ғана аталмыш құжатты тапсырып үлгерген.

РУСЛАН ТӨЛЕПОВ, Петропавл қаласы бойынша МКБ бөлім басшысы:

— Биыл 270-ші нысан бойынша декларацияны азаматтардың жекелеген санаттары тапсыруы тиіс. Олардың қатарына мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін ұйымдардың басшылары, құрылтайшылары немесе жарғылық капиталында 10 пайыз және одан да көп үлесі бар азаматтар және олардың жұбайлары кіреді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер ретінде емес, өз бетінше салық салынатын табыс алған азаматтар да декларация тапсыруға міндетті. Мысалы, мүлікті жалға беруден немесе өзге де табыс көздерінен кіріс тапқан тұлғалар осы санатқа кіреді.

Бұдан бөлек декларацияны биылғы жағдайы бойынша бағалы қағаздары, цифрлық активтері бар азаматтар да ұсынады. Сондай-ақ, есепті кезең ішінде жалпы құны белгіленген шектен асатын мүлік сатып алған немесе ірі көлемде дивиденд түрінде табыс алған азаматтар үшін де декларация тапсыру міндетті.

РУСЛАН ТӨЛЕПОВ Петропавл қаласы бойынша МКБ бөлім басшысы:

— Декларацияны тапсырудың соңғы мерзімі – 15 қыркүйек. Құжатты eGov.kz порталы, салық төлеушінің кабинеті, e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы немесе мемлекеттік кірістер органдарына барып тапсыруға болады.

Айта кетейік, декларацияны алғаш рет уақытында тапсырмаған жағдайда ескерту беріледі. Ал бір жыл ішінде бұл талап қайта бұзылса, 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ, декларацияда толық немесе дұрыс емес мәліметтер көрсетілсе, аталмыш тұлға жауапкершілікке тартылады.

Ұлан Ыдырыс