Kurultai banner mobile

Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Пестрое көлі тазартылады: Петропавлда көл тазарту жобасы қолға алынды

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:

— Бұрын Петропавлда шомылатын екі жер болды. Бірі – Пестрое көлі, екіншісі – Есіл өзені бойындағы қалалық жағажай. Алайда, қазір соңғы аталғаны жабық. Тұрғындар мен меймандар жақында ғана ашылған эко-паркке келіп демалады, суға түседі. Осы орайда мынадай сауал туындайды: “Судың сапасы қандай? Тазалау қажет емес пе?” Бүгін осы сұрақтарға жауап аламыз.

Соңғы уақытта Пестрое көлінің жай-күйі көпшілікті алаңдатқаны рас. Өйткені, су айдынын қамыс басты, көл лайланып кетті деген шағым жиі айтылды.
Оған қоса көлдің көлемі де кішірейген көрінеді. Су айдынының экологиялық жағдайы бүгіннен жіті бақылауға алынды. Мәселені шешу мақсатында қала билігі ауқымды тазарту жұмыстарын бастады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

Бұл жобаға біздің петропавлдық мердігер ұйым кіріседі. Көлдің түбі қатты лайланған. Толық тазартуға біраз уақыт қажет болады. Бұл кешенді тазартудан кейін су айдынына қатысты мәселе түбегейлі шешіледі деген сенімдеміз. Жобаға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің мамандары да тартылды.

Бұл күрделі жұмысты жауаптымердігер – “Петро-Альянс” серіктестігі. Аталған кәсіпорын мамандарының су айдынын тазартуда әжептәуір тәжірибесі бар көрінеді. Бұған дейін оңтүстік өңірлерде жұмыс істепті. Арнайы техникасы бар. Мамандар алдымен көлдің түбін жан-жақты зерттеп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуі тиіс.

ВАЛЕРИЙ СУХАЧЕВ, “Петро-Альянс” ЖШС жоба жетекшісі:

— Жұмыс үш кезеңмен жүреді. Құжаттар дайын болғаннан кейін, арнайы техниканы әкеліп орналастырамыз. Әуелі түпкі тұнбаны сорып, жағалауды өсімдіктен тазартамыз. Қазір шағын құрал-жабдық жеткізілді, кейін қуатты аппараттар қосылады. Нәтижесінде көл тереңдеп, өздігінен тазарып отыратын табиғи жүйе қалыптасады.

Айта кететін жайт, мамандар су астындағы тіршілік әлеміне зиян келмейді деп сендірді. Жоба келесі жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Көл демалушылары – тұрғындардың сөзінше, бұл – құптарлық іс.