Петропавлда ұйымдастырылған “Хроникадан болашаққа” атты республикалық кинолекторий өз мәресіне жетті. Іс-шараның екінші күні теріскейлік көрермендердің назарына “Қуатты серіктес” және “Travel Kazakhstan” сынды деректі фильмдер ұсынылды.
ЭЛЬМИРА ИШМҰХАМЕТОВА, ҚР Президентінің Телерадиокешені деректі кино орталығының аға редакторы:
— “Travel Kazakhstan” деректі фильмінде Қазақстанның туристік әлеуеті көрсетілген. Оның барысында қалың көрермен назарына еліміздің көрікті табиғаты мен туристік бағыттары сөз болады. Сонымен қатар, туындыда шетелдік әрі танымал тревел-блогерлердің әсерлері мен пікірлері көрсетіледі. Ал “Қуатты серіктес” кинокартинасында Мемлекет басшысының Жапонияға жасаған жұмыс сапарының ресми кездесулерден тыс көріністері ұсынылады.
Көрермен деректі фильм арқылы еліміздің туристік әлеуетімен танысып ғана қоймай Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығы мен маңызды дипломатиялық бастамалары жайлы да мол мағлұмат алды.
Айта кетейік, Президент Телерадиокешенінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырлыған республикалық кинолекторий аясында қала тұрғындарының назарына 4 деректі фильм ұсынылды.
Ұлан Ыдырыс

