Kurultai banner mobile

Қоғам

Балабақшаларды лицензиялау

Қазақстанда барлық мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымы лицензияланады. Бұл міндетті шара 2027 жылғы 1 қаңтардан басталмақ. Қазіргі таңда маңызды науқанға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балабақша, бөбекжай мен мектеп жанындағы орталық басшылығы нені ескеруі керек? Турасын айтсақ, талап тізімі қысқа емес. Мекемелерде білім сапасына әсер ететін барлық жайт назарға алынуы тиіс. Мамандардың біліктілігі, санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы, қауіпсіздік пен өзге де міндеттерге көңіл бөлінуі керек.

ГҮЛНӘР ТАЛАСБАЕВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

— Материалдық-техникалық база қамтамасыз етілу керек. Біздің министрліктің 70-ші бұйрығы бар. Сол жерде оқу және ойнау үшін тиісті жағдай жасалуы қажет делінген. Бұл талап та ескерілуі тиіс.

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдары өкілдері қажетті құжаттарды қазірден дайындай бергендері жөн. Солар алдағы жылдың алғашқы айында арнайы порталға салынады.

ГҮЛНӘР ТАЛАСБАЕВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

— Лицензия 483-ші бұйрық негізінде беріледі. Лицензия автоматты түрде беріледі. E-license атты портал бар. Сол жерге ұйым өтініш тастайды, қажетті құжаттарды енгізеді.

Яғни, лицензиялау жұмысы 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысы электронды нұсқа болса, екіншісі – әдеттегі тексеріс шарасы. Департамент мамандары білім ұйымдарын аралап, талаптың сәйкес келуіне көз жеткізеді.

ГҮЛНӘР ТАЛАСБАЕВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

— Бұл құжаттарды қараймыз, барлығы дұрыс болса, рұқсаттамалық бақылауға шығамыз. Сол кезде құжаттарға сәйкес, не бар, не жоғын тексереміз. Яғни, комиссия жұмыс істейді.

Жалпы, алдағы жылдары өңірімізде 429 білім беру ұйымы лицензияланады. Соның 200-ден астамы келесі жылы тексеріліп, тиісті құжат тапсырылады.

Байболат Құлтанов