Kurultai banner mobile

Мәдениет

“Атамекен” жыр жинағының тұсауы кесілді

Облыс орталығында елімізге белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марал Оспанованың 75 жылдық мерейтойына орай “Жаны жайсаң, сыршыл ақын” атты шығармашылық кеш өтті. Айтулы шара барысында шалқар шабыт иесінің “Атамекен” атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Сиясы әлі кеуіп үлгермеген еңбек алғаш көйлек тоздырған мекенге деген өлеңдерден тұрады. Автор жүрекжарды туындылары арқылы туған жерге құрметін, махаббатын білдіргісі келген. Жастардың оқығанын қалайды.

МАРАЛ ОСПАНОВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

— Қазір жастар жақсы өмір іздеп Америкаға да, Қытайға да кетіп жатыр. Бірақ, өзіңнің туған жеріңнен артық жер жоқ. Кітапты “Атамекен” деп атадым. Өзіме атамекенім өте ыстық.

Туған жерін ерекше құрметтейтін ақынды жерлестері де ерекше сыйлайды. Шығармашылық кеш барысында жылы лебіздер айтылды. Сөз алғандар Марал Оспанованың дарынын, сіңірген еңбегін жоғары бағалады.

ЖАНБАЙ ҚАДЫРОВ, Қозыбаев университетінің профессоры:

— Марал Зейнелғабиқызының шығармашылығы өте ауқымды. Шығармашылығы халықаралық деңгейде де бағаланып жүр. Мысалы, 2024 жылы Лондонда жоғары бағаланды.

Марал Оспанованың 75 жылдық мерейтойына және жыр жинағының тұсаукесеріне арналған кеш домбыраның үнімен аяқталды.