“Адам саудасы – ауыр қылмыс!”. Ел көлемінде осындай атаумен адам саудасының алдын алу мақсатында республикалық-ақпараттық науқан өтіп жатыр. Іс-шара ІІМ бастамасымен әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылды. Науқанның мақсаты – халықтың назарын адам саудасы мәселесіне аудару, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қылмыскерлердің адамды алдау тәсілдері туралы ақпараттандыру.
ЕРБОЛАТ СЕРҒАЛИЕВ, СҚО ПД ҰҚҚКБ аға жедел уәкілі:
— Қазіргі таңда адам саудасы тек жыныстық немесе еңбек қанауымен шектелмейді. Қылмыскерлер адамдарды интернет, әлеуметтік желілер арқылы алдап, мәжбүрлі еңбекке, қылмысқа, кибералаяқтыққа және басқа да заңсыз әрекеттерге тартуы мүмкін. Осыған байланысты азаматтарға ұсынатынымыз – жұмыс туралы ақпаратты мұқият тексеру, құжаттарын бөтен адамдарға бермеу, күмәнді ұсыныстарға келіспеу, күдік туындаса, бірден құқық қорғау органдарына хабарлау.
Науқан аясында ақпараттық-түсіндіру шарасы, құқықтық кеңес беру және профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, жаднамалар таратылуда. Айта кетейік, облыста жыл басынан бері ҚР ҚК 309-бабы – жезөкшелікпен айналысу немесе сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру бойынша 3 факті тіркелген.

