Шілденің 16-сы мен 25-і аралығында Тайландтың Бангкок қаласында су спорты түрлерінен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додада кіл мықтылар бақ сынады. Солармен сайысқан 3 жерлесіміз жүлдегер атанды. Ел мерейін асырған теріскейлер бүгін Петропавлға ұшып келді. Жастарды әуежайдан ата-аналары, туған-туыстары мен достары сән-салтанатпен қарсы алды.
АЛЕКСАНДР САВЕЛЬЕВ, жүзу спортынан СҚО аға бапкері:
— Дүбірлі додаға 33 мемлекеттен жиналған 600-ге жуық спортшы қатысты. Біздің ұлттық құрамада 30 адам болды. Тізімге Егор Демков, Евгений Ялунин, Яна Лукьянчикова сынды шәкірттерім де іліккен еді. Өкінішке қарай, олар жекелей сында жүлдеге таласа алмады, бірақ эстафетада керемет өнер көрсетті. Ал Егор Демков арнайы норматив орындады. Ол өңір тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасындағы олимпиадаға қатыспақ.
Нақтылай кетсек, Азия чемпионатында жерлесіміз Егор Демков 100 метрлік еркін стильдегі эстафетада қола жүлдеге ие болды. Ал Евгений Ялунин мен Яна Лукьянчикова жалпы ұзындығы 400 метрден тұратын аралас эстафетада қанжығаларын күміспен майлады.
ЕГОР ДЕМКОВ, жүзуден Азия чемпионатының жүлдегері:
— Жалпы, біздің құрама 16 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрамамыздың қатарында рекорд қойған спортшылар да бар. Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Мен 100 метрлік еркін стильдегі эстафетада қола жүлде иелендім. Әрі арнайы норматив орындап, жасөспірімдер арасында өтетін олимпиадаға жолдама алдым. Бұл керемет нәтиже. Өте қуаныштымын.
Енді Егор Демковты қызу жаттығу күтіп тұр. Ол жақында Түркияға оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Ал олимпиада күзде Сенегалда өтеді.
Ұлан Ыдырыс

