Kurultai banner mobile

Мәдениет

“Хроникадан болашаққа”: Петропавлда республикалық кинолекторий өтуде

Президент Телерадиокешені биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда “Хроникадан болашаққа” атты республикалық кинолекторий ұйымдастырылды. Телерадиокешен өкілдері еліміздің ірі қалаларын аралап, тұрғындарға отандық деректі фильмдер көрсетеді. Басты мақсат – көрерменді шынайы отандық деректі киномен қауыштырып, рухани құндылықтарды насихаттау. Танымдық жобаның керуені бүгін Петропавлға да келіп жетті.

ЭЛЬМИРА ИШМҰХАМЕТОВА, ҚР Президенттік Телерадиокешені деректі кино орталығының аға редакторы:

— Бұл жоба арқылы көрерменді қысқа тикток, рилс видеолардан алшақтатып, маңызды тарихи оқиғаларды баяндайтын деректі киноға деген қызығушылықтарын арттырғымыз келеді. Бүгін петропавлдықтарға Каспий теңізіндегі Құлалы аралында тұратын кейіпкер туралы түсірілген – “Құлалы аралынан келген адам” және әйгілі қазақстандық алма сортының жандануына арналған “Апорт” фильмдерін ұсынамыз. Ал ертең көрермен “Travel Қазақстан” мен Президенттің Жапонияға сапары туралы сыр шертетін “Қуатты серіктес” туындыларын тамашалай алады.

Көрермен кино арқылы отандық тарихи тың дүниелермен танысты. Қала тұрғындары өз әсерлерімен бөлісті. Көрсетілім екі күнге созылады. Фильмдерді “Dostyq Mall” сауда үйіндегі “Atlas Cinema” кинотеатрында таңғы сағат 10:00 мен 13:00 аралығында тамашалай аласыздар. Кіру тегін.

Жаннұр Бектұрғанова