Петропавлдағы ботаникалық бақтың “екінші тынысы” ашылады. Ғасырдан аса тарихы бар бірегей кешенді ауқымды күрделі жөндеу жұмысы күтіп тұр. Табиғаттың сыйын сездіретін ерекше орында бүгін облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов болды. Ол төңірекпен танысты, бұған дейін туындаған мәселерге қатысты пікір білдірді.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Бұл бірегей кешеннің жағдайы ондаған жыл бойы мүшкіл болды. Аумағының басым бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қамқор, еңбекқор адамдардың арқасында ғана қазір 2 гектары сақталып қалды. Сақталып қалғанның өзінде ботаникалық бақ бертінге дейін музыкалық мектептің базасына кіріп келді. Яғни, күнделікті жұмыс білім беру мекемесі арқылы жүргізілді. Бұл шешім дұрыс емес. Сонымен қатар, төңірек заң тұрғысында қорғалмады.
Демек, аумаққа кез келген құрылыс иесі кіріп, ойына келгенді жүзеге асыруы мүмкін еді. Былтыр аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов өзекті мәселені шешу бойынша тапсырма берді. Көп ұзамай ботаникалық бақтың заңдылық статусы өзгерді, қызмет көрсететін бөлек ұйым құрылып, жылдар бойы мазалап келген түйткілдің түйіні тарқады.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Сонымен қатар, осы жерде облыс әкімінің қаулысы бойынша дендрологиялық парк пайда болды. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ құруға мүмкіндік берді. Енді бақ мемлекет есебінен жеке қаржыландырылады және қайтадан ғылыми жұмыстармен айналыса алады. Осылайша ондаған жылға созылған мәселеге нүкте қойылды. Біз жаңа кезеңнің бастауында тұрмыз. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 114 жылдық тарихы бар кешенде күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ.
Жоспар бойынша жобалық-сметалық құжаттама биыл дайындалып, күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Біраз тер төгілмек. Бақ директоры Артур Рязапов ерекше толғандыратын тұстарды тілге тиек етті.
АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:
— Өсімдіктерді күн сәулесінен, жел мен жаңбырдан қорғап тұрған поликарбонаттарымыз тозды. Олардың кепілдік мерзімі – 10 жыл. Ал біздегілер 16 жыл бұрын орнатылған. Тұман генераторлары, желдеткіштер сынды ішкі климаттық қондырғыларымыз да ескірді. Жөндеу жұмыстары кезінде осының барлығы ескеріледі деп ойлаймын.
Петропавлдықтар мен қала қонақтарының сүйікті орнына айналған ботаникалық бақта қазір 2 мыңға жуық жасыл желек түрі бар. Сонымен қатар, жануарлар мен құстардың ондаған түрі өсіріледі. Ал жұмысшы саны 20 адамға жуықтайды.
Байболат Құлтанов

