БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Көлікке міндің, рөлге отырдың, сен өзіңнің және өзгенің өміріне жауаптысың. Осы орайда айтпағымыз, Қазақстанда жол жүрісіне қатысты заң қатаңдағалы жатыр.
Қазақстан Республикасының “Жол жүрісі туралы” заңына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер 25-ші тамыздан бастап күшіне енеді. Жаңашылдықтың бірі қарттарға қатысты. Енді 65 жастан асқан немесе мүгедектігі бар жүргізушілер 2 жылда 1 рет міндетті медициналық тексеруден өту қажет.
АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
— Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтеміз. Келесі өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты.
Алдағы уақытта ережені өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мысалы, рөлдегі адам жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызса, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асырса, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзса, білімін қайта сынамақ. Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады.
АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
— Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады. Сонымен қатар, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.
Заңдаға өзгерістерді біреу құптаса, енді біреу қарсылық танытты. Кейбір адамдар қарт жүргізушілерді тексеру бос әурешілік деп біледі. Ал кейбірі тәртіпсіз тұлғаларға дұрыстап таяқ батыратын күн жетті деп біледі. Министрлік күтілетін өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғанын алға тартады.
Байболат Құлтанов

