Қазақстанда шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шаралары аяқталды. Жауапты маусымда ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдалуына жол берілген жоқ. Мұндай дерек Үкіметтің сайтында жария етілді. Ұсынылған дерекке сүйенсек, бейінді министрлік Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған жүйелі шаралар қабылдап келеді. Өсімдіктерге мониторинг жүргізу және қорғаудың заманауи тәсілдерін енгізу, сондай-ақ саладағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы 2 жылда фитосанитариялық қызметті кезең-кезеңімен жаңғырту, заманауи мониторинг технологияларын енгізу және қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру нәтижесінде химиялық өңдеу жүргізілген алқап көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарып, 42%-ға азайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілген жоқ. Қол жеткізілген нәтижелер зиянкестердің жаппай таралуына ден қою тәсілінен қауіп-қатерді ерте анықтау, ошақтарды жедел оқшаулауға және фитосанитариялық тәуекелдерді алдын алуға негізделген заманауи басқару жүйесіне көшуге мүмкіндік береді.
Елімізде фитосанитариялық қауіпсіздікті одан әрі нығайту жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады. Қазіргі уақытта шекара маңындағы аумақтарда жағдай тұрақты. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысына қатысты дерекпен бөлісе кетейік. Биыл астықты өңірде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қолға алынбады. Бұған себеп – зерттеу, талдау шаралары кезінде қауіп белгілерінің байқалмауы. Ал өткен жылы қауіпті жәндіктің үйірлі түрі Уәлиханов ауданында байқалды. Жауапты органдар дер кезінде қатердің алдын алды.

