Облыстық әкімдік қабырғасында шамадан тыс жүк тиелетін көліктерге қатысты жиын ұйымдастырылды. Өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың төрағалығымен өткен басқосуда жақында ғана Петропавлдың іргесінде орын алған жағымсыз жайт тілге тиек етілді. Шаһар сыртында тегеурінді 32 техника 3 күн бойы тұрғанын білеміз. Тәуліктеп тұруларының себебі де мәлім. Олардың жүргізушілері жазадан қашты. Алайда, бәрібір жауапқа тартылды.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— “Оңтүстік” бақылау бекетіне жетпей тоқтаған жүк көліктерінен шамамен 2 шақырымдық тізбек құрылды. Жолдаға қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері тартылды. Жылжымалы мүліктерін қасақана түрде тастап кеткен жүргізушілер ізделді. Ақыры табылып, көліктердің салмағы тексерілді. Нәтижесінде жалпы құны 14 млн теңгеден асып жығылатын 93 әкімшілік бұзушылық анықталды.
Бұл бұзушылықтың артында көлікті тастап, табанын жалтыратқан жүргізуші емес, тәртіпке пысқыра қарайтын кәсіпкерлер тұр. Олар тасымалданатын дүниені шамадан тыс артып, қалтаға қаржыны мейлінше көп түсіргісі келеді. Яғни, сол жолмен қатынайтын қарапайым халықты, қыруар ақшаға жөндейтін мемлекетті ойламайды.
САМАТ АҚЖІГІТОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
—Кейбір учаскелерде оське түскен салмақ 14 тонна екендігі анықталды. Бұл рұқсат етілген нормадан әлдеқайда көп. Салдарынан жолдарымыз бүлініп жатыр. Мысалы, Корнеевка-Покровка, Покровка-Өрнек, Тайынша-Большой Изюм, Шалқар-Лобаново-Арықбалық, Казгородок-Горьковское, Смирново-Тоқшын бағыттарындағы жолдар жүк көліктерінен бұзылды. Негізгі бұзушылар – карьерден инертті материал таситын көліктер.
Ескерер жайт, оське түсетін салмақ 10 тоннаны құрау керек. Ал маусымның 10-ы мен тамыздың 10-ы аралығында көрсеткіш 8 тонна болуы тиіс. Себебі, жазғы кезеңде жоғары температурада ауыр жүк жолдың сапасына айтарлықтай әсер етеді. Өзіміз жақсы білетіндей, шаһар сыртында көліктерден тізбек құралған күндері ми қайнатар ыстық болды.
МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
— Жүк көліктерін жауып, тастап кеткен жүргізушілер “Восточный берег” дәмханасы маңында жиналған. Олар мәселені шешу, қала басшылығымен келісу жағын ойластырыпты. Осы кезде бізге “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ тарапынан жолдың бұзылуына қатысты арыз түсті. Тексеріс жүргіздік. Бірден кемшіліктерге көз жеткіздік. Тіркелген деректер негізінде әрбір көлік иесіне айыппұл салдық.
Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы 32 техникаға шамадан тыс жүк артылуына байланысты жаза қолданған. Нақтырақ айтсақ, осы факті негізінде 66 әкімшілік материал жиналған екен. Соның тек 42-сі бойынша кәсіпкерлерге 11 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Қалған 24 іс әлі қаралып жатыр. Демек, айыппұлдың көлемі көбеймек.
Жиын барысында полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев ауыр жүк тиелген көлік жүргізушілері жасайтын өзге бұзушылықтарға да тоқталды. Мында видеода тізгіндегі адам таразының үстінен өтпеу үшін қарама-қарсы бағытқа шықты. Ал кейбірі камера тіркемес үшін көліктің нөмірін бүркемелеп алады екен. Өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жауаптыларға алдын алу, бақылау және жазалау жұмыстарын қатаңдатуды тапсырды. Сонымен қатар, кездесуге шақырылған кәсіпкерлерге баршаға ортақ заң барын еске салды.
Байболат Құлтанов

