Kurultai banner mobile

Білім

Петропавлда жас IT мамандары үшін мансаптық кездесу өткізілді

SKO HUB базасында алғаш рет IT саласының жас мамандары үшін мансаптық бағытта ауқымды кездесу ұйымдастырылды. Бұл алаң қалалық компаниялардың өкілдері мен жұмыс іздеп жүрген жастардың басын біріктірді. Жиында бизнес өкілдері кандидаттарға белгілі бір жоба ұсынады. Түйткілді тез тарқатқан немесе жобаны ұтымды жетілдіру нұсқасын ұсынған жас компанияға жұмысқа шақырылады.

МИЛАН АЛКЕШЕВ, SKO HUB қызметкері:

— Бұндай іс-шараны тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Еліміздің өзге қалаларындағы әріптестеріміздің тәжірибесін зерделеп, өз қаламызда өткізуді жөн көрдік. Бұл бағытқа сұраныс көп. Бүгін жас мамандар бизнес өкілдерімен бетпе-бет жүздеседі. Түрлі тапсырмаларды шешуге тырысады. Егер өз ерекшелігімен көзге түссе, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бұл кәсіпкерлер үшін де, жастар үшін де өте тиімді.

Бүгінгі басқосуға төрт компанияның өкілі қатысты. Солардың бірі – медициналық орталықтың директоры Вячеслав Аладинский. Айтуынша, клиенттер үшін құрастырылған қосымшаны жетілдіру қажет. 6 жыл бойы қолданыста болған ақпараттық жүйе жұмысына жаңашылдық енгізу керек. Осы орайда қатарға озық ойлы мамандар қажет. Жетілдірілген жоба ел нарығына шығуда өз септігін тигізбек.

ВЯЧЕСЛАВ АЛАДИНСКИЙ, медициналық орталық директоры:

— Біз бұл өнімді нарыққа шығарып, түрлі өңірлерге белсенді түрде ұсынып жатырмыз. Алдымызда бірқатар маңызды мемлекеттік деңгейдегі және бизнес- міндеттер тұр. Біз мұнда биік мақсаттарға ұмтылған, күрделі тапсырмаларды шешуге қызығатын жастарды іздеп келіп отырмыз.

Қызығушылық танытқандар саны көп. Ұйымдастырушылар 50 қатысушыны іріктеп алды. Олардың арасында басқа мамандық иелері болса да осы салаға бет бұрғысы келетін жастар бар. Арсений Голубев – М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да “Биотехнолог” мамандығына оқиды. Дегенмен, IT-саласына деген қызығушылығы зор.

АРСЕНИЙ ГОЛУБЕВ, қатысушы:

— IT маманына оқымасам да аталған сала қатты қызықтырады. Әжептәуір машығым бар. Бүгінгі кездесуде IT және СММ-менеджмент бағытында жоба әзірлеумен айналысатын компанияның жұмысы ұнады. Өкілдері мені сұхбаттасуға шақырды. Мұндай іс-шаралар жастарға өз мүмкіндіктерін сынап көруге таптырмас мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, алдағы уақытта ай сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Жаннұр Бектұрғанова