Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда ақылды бағдаршамдар жұмыс істеп тұр

Қызыл, сары, жасыл түсті бағдаршам. Баршамыз оның игілігін күн сайын пайдаланамыз. Бүгінде технологияның дамуына байланысты үйреншікті бағдаршамдардың орнын ақылды жүйелер басып келеді. Олар көлік ағынын саралап, көлік қозғалысын автоматты түрде реттейді. Қазіргі таңда мұндай құрылғылардың 2-еуі Петропавл қаласында да жұмыс істеп тұр. Олар Жамбыл Жабаев пен Абай, сондай-ақ, Жамбыл Жабаев пен Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысында орналасқан.

СЕРГЕЙ БРЫКСИН, СҚО ПД ЖПҚ жол және техникалық инспекция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

— Облыс орталығындағы көлік ағындарын зерттеу нәтижесінде полиция департаменті техникалық мүмкіндіктері ескерілген екі жол қиылысын таңдады. Аталған учаскелерде бейімделгіш бағдаршам технологиясы енгізілді. Олар көлік ағынының қарқындылығын талдап, бағдаршам сигналдарының уақытын автоматты түрде өзгерте алады. Соның нәтижесінде жолдағы кептеліс азайып, көліктердің жүру жылдамдығы артады.

Аталмыш жүйені бір көшенің қиылысында орналастыру үшін шамамен 7 млн теңге қажет екен. Оны жергілікті мердігер ұйым орнатып отыр. Олардың сөзінше, бұл ақылды бағдаршам Ресейдің Екатеринбург қаласында құрастырылған.

КОНСТАНТИН ЛОМЗОВ, мердігер ұйым өкілі:

— Аталмыш жүйе 4 бағытта орналасқан камера бойынша жұмыс істейді. Яғни, 4 бірдей камера қай жолда темір тұлпар көп шоғырланса, соған басымдық беріп кептелістің орын алмауына жағдай жасайды. Оны 1 күннің ішінде орналастыруға болады. Бүгінде ресейлік әріптестермен келісімге келдік, олар осы жүйені бізге ары қарай да ұсынуға дайын. Қазіргі таңда мұндай ақылды бағдаршамдар Қазақстанның өзге де қалаларында жұмыс істейді. Бірақ біздің облыс үшін бұл тың дүние.

Осы ретте біз қала тұрғындарының пікірін біліп қайттық. Олардың сөзінше, жаңа жүйе шаһардағы кептеліс санын едәуір қысқартуға септігін тигізері анық.

РУСЛАН ҚҰСАЙЫНОВ, қала тұрғыны:

— Мына Жамбыл және Абай көшелерінде көлік ағыны көп. Соған байланысты кептелістер орын алып жатады.

Айта кетейік, қазіргі таңда жаңа жүйе қала әкімдігінің бақылауында. Егер ақылды бағдаршам өзінің тиімділігін көрсетсе, ол шаһардың өзге де қиылыстарына орнатылады.

Ұлан Ыдырыс