Kurultai banner mobile

Балалар

Өңірде жасөспірімдердің еңбек құқығын бұзудың 8 фактісі тіркелді

Жазғы демалыс басталысымен көптеген жасөспірім алғашқы табысын тауып, еңбек етуге ұмтылады. Бірақ кей кезде ұл-қыздардың құқықтары тапталып жатады.
Заңда кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудың өзіндік талаптары бар. Бұл туралы облыс бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Мирас Сабағанов айтып берді.

МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы:

— Жұмыс берушілер кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзбауы тиіс. Кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде заңда нақты талаптар қарастырылған. Мысалы, 14 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер тек сабақтан бос уақытында, оқуына кедергі келтірмейтін жағдайда және ата-анасының бірінің жазбаша келісімімен жұмыс істей алады. 16 жастан асқан азаматтар жалпы тәртіп бойынша жұмысқа орналасады. Жасөспірімдер үстеме жұмысқа тартылмайды, түнгі ауысымда, яғни түнгі 10 мен таңғы 6-ға дейін жұмыс істемейді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды зиянды және қауіпті жұмыстарға, алкоголь өнімдерін сатумен байланысты қызметтерге тартуға заңмен тыйым салынған.

Кейбір жұмыс берушілер заңды пысқырмай, кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзатын көрінеді. Жалпы, биыл жаз мезгілі басталғалы өңірде мұндай 8 факт тіркелген екен. Тәртіп сақшылары оны арнайы рейдтік іс-шаралар барысында анықтаған.

ЗАРИНА ЖАКИНА, қалалық ПБ ЖПҚБ ювеналдық полиция аға инспекторы:

— Петропавл қаласының аумағында полиция қызметкерлері заңды өкілдердің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында түнгі сағат 22:00-ден бастап жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Аталған құқық бұзушылық анықталған жағдайда ойын-сауық мекемесінің иесіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылады.

Мамандардың айтуынша, жасөспірім жұмысқа орналасар алдында міндетті түрде еңбек шартының жасалғанына көз жеткізуі керек. Егер жұмыс беруші заң талаптарын сақтамаса немесе еңбек құқығын бұзса, мемлекеттік еңбек инспекциясына не құқық қорғау органдарына шағымдануға болады.

Ұлан Ыдырыс