Олжас Сарқыт – Есіл ауданындағы Волошинка ауылдық округінің әкімі. Ол абыройлы қызметті осы жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді. Жас әкімнің жұмыс күні таңертеңгілік жоспарлы жиыннан басталады. Кабинетте күнделікті мәселелер пысықталады. Бүгінде Олжас Саматұлы Қазақстан бойынша еліміздегі ең жас әкім болып саналады.
ОЛЖАС САРҚЫТ, Волошинка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
— 2017 жылы оқу бітіргеннен кейін Алматы қаласына барып, әскери борышымды өтеп келдім. Кейін Ұлттық ұланға жұмысқа кірдім, сержант болдым. 2022-де ауданға оралып, Волошинка мектебінде Алғашқы әскери дайындық пәнінен мұғалім болдым, кейін дене шынықтыру пәнінен де сабақ бердім. 2026 жылы осы Волошинка ауылдық округіне жаңа әкім болып сайландым.
Ұстаздық тәжірибесі мен әскери тәртіп дағдылары жас басшыға қызметінде көмек болады. Өзі – Есіл ауданының тумасы. Спасовка ауылында туып-өскен. Сондықтан ауданның түйінді мәселелерін жақсы біледі. Жарты жыл ішінде бірқатар шаруаны тындырып үлгеріпті.
ОЛЖАС САРҚЫТ, Волошинка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
— Үш ауылдың жарықшамдарын ауыстырдық. 43 жарықшам ауыстырылды. Ауыл маңын өсетін шөптен тазарттық. Жол мәселесі бойынша аудан әкімімен сөйлесіп, мәселені шешуге таяп қалдық. Жоспарда бар. Сонымен қатар жоспарда ауылға интернет желісін өткізу бар және Ивано-Петровка ауылында балалар ойнайтын алаң құруды көздеп отырмыз.
Ауылдағы басты түйткілдердің бірі – ауызсу мәселесі де шешімін тапты. “Жас келсе – іске”, демекші, ауыл әкімінің жоспары ауқымды. Тұрғындар ел алдында берген уәдесін адал орындаған әкімі қашан да абыройлы болады дейді.
БАЗАРБЕК ЗАКЕРЯНОВ, Волошинка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
— Биыл әкім ауысып, өзіміз жаңа әкім сайладық. Өзімізге жақын азамат. Мектепте қызмет еткен. Өзіміз дауыс берген соң қатты үміттенеміз. Президентіміз жастарға жол берілсін деп айтып кеткен. Бұл жігіт келіп, клубымызда көптеген мерекелер өтті. Жер асфальтталды, ауыл арамшөптен тазарды, су қондырғысы орнатылды, жарық жасалды. Соған рахмет айтамыз.
Округ құрамына үш елді мекен кіреді. Олар – Волошинка, Ивано-Петровка және Лузинка ауылдары. Аталған үш елді мекенді қоса алғанда 300-ге жуық үй түтін түтетіп отыр.
Жаннұр Бектұрғанова

