Қазақстанда 2026 жылдың 1-ші шілдесінен бастап амнистия туралы заң күшіне енді. Осыған орай рақымшылыққа іліккен сотталғандарға қатысты істер қарастырылуда. Облыс орталығында биыл амнистия бойынша бірінші босатылған жан – Александра Решетникова. 20 жастағы бойжеткен Жұмысшы кентінде тұрған, құрылыс орнында сырлаушы болып еңбек еткен. Осы жылдың наурыз айында ҚР ҚК 188-ші бабы – “Ұрлық” бойынша бір жарым жылға сотталады. Бүгін ол сот шешімімен жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды.
АЛЕКСАНДРА РЕШЕТНИКОВА, қала тұрғыны:
— Амнистия бойынша рақымшылыққа ілігемін деп ойлаған жоқпын. Ел Президентіне бізге осындай мүмкіндік бергені үшін шексіз алғысымды білдіремін. Барлық жастарға айтарым, ақымақтық жасап, қателікке бармаңыздар. Әділетті өмір сүріп, адал еңбекпен нан табыңыздар.
Қалалық пробация бөлімінде қазір 370 адам есепте тұр. Қала бойынша рақымшылыққа іліккен 145 адамның ішінде аталған есепте тұрғандар да бар. Оның 33-і толықтай босатылса, 112 адамның жаза мерзімі қысқартылады. Барлық шешім сот арқылы қабылданады. Үкім қылмыстың ауырлығы мен жазасын өтеушінің келтірген шығын көлеміне байланысты. Бүгін барлығы 3 азамат бостандыққа шықты. Амнистияға іліккендерге пробация қызметі тарапынан қоғамға сіңісіп кетуі үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі.
МАДИМАР ДҮЙСЕНОВ, қалалық пробация қызметінің бастығы:
— Жаңа Конституцияның күшіне еуіне байланысты пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған сотталғандар арасында амнистия актісін жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің басты міндетіміз – олардың сәтті әлеуметтенуін қамтамасыз ету, сондықтан пробация қызметі әрқайсысына жұмысқа орналасуға және қоғамға сіңісуіне белсенді түрде көмектеседі.
Рақымшылық барлық бапқа бірдей қолданылмайды. Сыбайлас жемқорлық, террористік немесе экстремистік қылмыс жасағандар және аса ауыр бап бойынша сотталғандардың жазасы амнистия аясында қарастырылмайды.

