Kurultai banner mobile

Құқық қорғау органдары

Онлайн-казиноның заңсыз қызметі тоқтатылды

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі СҚО бойынша департаменті ел аумағында жұмыс істеген «Nomad Poker» атты ірі онлайн-казиноның заңсыз қызметін тоқтатты. Тергеу барысында оның қызметін еліміздің азаматтары Грузия аумағынан жүргізіп отырғаны анықталды. Мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, ақша ағындарын бақылауды қиындатуға және заңға қайшы істі жүргізу үшін шетелдіктердің атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген. Құмар ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға қашықтықтан ақша тігіп, ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін де ұсынған. Жаңа қатысушыларды тарту мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жарнама құралдарын пайдаланған. Нәтижесінде онлайн-казино қызметіне 20 мыңнан астам пайдаланушы тартылған. Сонымен қатар пысықайлар үшінші тұлғалардың банк шоттарын, яғни «дропперлердің» шоттарын пайдаланудың тармақталған жүйесін құрған.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

— Осы мақсатта күдіктілер Қазақстанға шетел азаматтарының ұйымдасқан түрде келуін қамтамасыз етіп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақы үшін банк карталары мен мобильді банкинг рәсімдеген. Тергеу барысында онлайн-казино қызметін қамтамасыз ету үшін 60-тан астам дроп-шот пайдаланылғаны анықталды. Ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асты. Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке, сондай-ақ дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі ақша қаражатына тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.