Kurultai banner mobile

Қоғам

Ауылға жан бітірген агроқұрылым

Ғ.Мүсірепов ауданындағы Целинное ауылы – жылдан-жылға жаңарып, көркейіп келе жатқан көрікті елді мекендердің бірі. Қазіргі таңда мұнда 800-ге жуық адам тұрады. Олардың басым көпшілігі жергілікті “Целинное-2004” серіктестігінде еңбек етеді. Кәсіпорын ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Шаруашылық осы уақытқа дейін елді мекенде аумағы 100 шаршы метрді құрайтын 15 үй салған. Бұл игі іс жаңа тұрғындардың ауылға қоныс аударуына жол ашып отыр. Оған мысал – Өмірбековтер жанұясы. Олар Целинное ауылына Қостанай облысынан жақында ғана көшіп келген.

ЖАДЫРА ӨМІРБЕКОВА, ауыл тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

— Мұнда тұрып жатқаныма 4 ай болды. Барлығы жақсы. Айлықты уақытылы аламыз.

Серіктестік ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік қолдау көрсетіп, жеке шаруашылық жүргізуге де қолайлы жағдай жасап келеді. Ауыл тұрғындарының көбі бау-бақша өсіріп, үй іргесіндегі жер телімдерін күтіп-баптаумен айналысады. Солардың бірі – Әсия Ибраева. Нәзікжанды ауласында гүлдің ондаған түрін өсіреді. Агроқұрылым оның бау-бақшасын тұрақты түрде суаруға көмектеседі.

ӘСИЯ ИБРАЕВА, ауыл тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

— Мен бала кезімнен гүл өсірумен айналысамын. Бұдан бөлек бақшамда көкөніс егіп, картоп, таңқурай мен құлпынай өсіремін. Бірақ менің ең сүйікті ісім – гүл баптау. Қазіргі таңда ауламда бөлме гүлдерін қоспағанда, гүлдің 170-тен астам түрі өседі. Серіктестік гүлдерімді суаруға қолдау көрсетеді. Гүл өсіру – жаныма тыныштық сыйлайтын сүйікті іс.

Өскелең ұрпаққа қолдау көрсету – серіктестіктің негізгі бағыты. Шаруашылық басшысы Серік Ибраевтың айтуынша, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру аса маңызды. Сол себепті, агроқұрылым жас буынның білім алып, спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасауда.

СЕРІК ИБРАЕВ, “Целинное-2004” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

— Біз ауруханалар мен мектептерге тұрақты түрде материалдық қолдау көрсетеміз. Биыл кәсіби хоккей жабдықтарын сатып алуға 7,5 млн теңге жұмсадық. Сондай-ақ, алдағы уаықтта қыс мезгілінде спортпен айналысу үшін мұз айдынын салып береміз. Жалпы, балалар спорт мектебінің дамуына да 7,5 млн теңге инвестиция салдық. Бұдан бөлек, біздің ауылда 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Олар «Целинное-2004» серіктестігінің орталық асханасында күн сайын тегін тамақтанады.

Қазіргі таңда ауылда абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұдан бөлек жылу жүйесі жаңартылып, жолдар жөнделуде.

Ұлан Ыдырыс