Петропавлдың іргесінде тура 3 тәулік тізбек құрған мына көліктер әрлі-берлі зулаған жұрттың назарын аударғаны рас. Әлеуметтік желілерде түрлі дерек те тарады. Көпшілік темір тұлпарларға шамадан тыс жүк тиелгенін, жүргізушілері жауапкершіліктен қашып, жылжымалы мүлікті қалдырып кеткендерін жазды. Ал көп ұзамай бұл пікірдің шындыққа қатысы бары расталды. Елді елеңдеткен мәселенің мән-жайын анықтауға асыққан тілшілер оқиға орнында жауаптылармен тілдесті.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
— Шамадан тыс жүк тиелген көліктерді анықтау мақсатында оңтүстік өткізу бекетінде арнайы шара ұйымдастырылып отыр. Жүргізушілер осыны біліп, қалаға кірмеуді жөн көрген және мүліктерін тастап кеткен. Есептеу жүргізілді. Осы жердің өзінде 28 көлік тұр. Барлығының жүргізушілері анықталды, келіп тексерістен өтуді сұрадық. Оларды жауапты мамандар күтетін болады.
Ми қайнатар ыстықта шамадан тыс жүкпен жүрген көліктердің жолды бұзғандары да анықталды. Бас шайқатар жайт – облыс орталығымен байланыстыратын жолдың жөнделіп жатуы. Яғни, кәсіпкерлер жол саласы өкілдеріне артық жұмыс тауап берді.
АЛТЫНБЕК ЖАМАЛИЕВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
— «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ полицияға жолды көліктерді босату бойынша жүгінді. Бірден-бір себеп – тас жолда жөндеу жұмыстарының жүргізілуі. Жол әлі қолданысқа берілген жоқ. Біз көлік жүргізушілер анықтайтын боламыз.
Жүргізушілер салмақ нормасын жақсы білуі тиіс. Әдетте оське түсетін жүктеме 10 тоннаны құрауы міндетті. Ал ауа температурасы 25 градустан жоғары болса, көрсеткіш 8 тонна болуы қажет. Бұлай болмаса әртүрлі мөлшерде айыппұл қарастырылған.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
— Айыппұл кәсіп иелерінің шағын, орта немесе ірі болуына байланысты салынады. Егер көліктер шағын кәсіпкерлік субъектісіне тиесілі болса, артық жүк 1 мен 5 тоннаның аралығын құраса, онда 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Шамадан тыс мөлшер 5 пен 10 тоннаның аралығында болса, 346 мың теңге төлеу міндеттеледі. Ал 10 тоннадан асып түссе, онда көрсеткіш 500 мыңнан асып жығылады. Орта немесе ірі бизнес субъектілеріне бұдан да қатаң жаза қарастырылған.
Мәселе 3 тәулік дегенде шешімін тапты. Облыстық полиция департаменті әлеуметтік желілер арқылы қорытынды мәліметпен бөлісті.
— 19 шілде күні сағат 14:30-дағы жағдай бойынша 32 ауыр жүк көлігінің жүргізушісімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, кейін салмақтық бақылау бекетіне барып, өлшеу рәсімінен өтті. Артынша өз бағыттары бойынша жолдарын жалғастырды. Барлық жүргізушілерге қатысты уәкілетті мемлекеттік органдар ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдады.
Қолданылған жаза жайлы толығырақ баяндайық. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы мамандары жүктің көп мөлшерде артылуына байланысты әкімшілік хаттама толтырған. Ал тәртіп сақшылары жүргізушілерге жолдың бұзылуына қатысты айыппұл салған.

