Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда 200-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады

Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінің 200-ге жуық жас сарбазы әскери ант қабылдады. Салтанатты іс-шараға әскери бөлім басшылығы, ардагерлер және сарбаздардың ата-аналары қатысты. Маңызды рәсімді бастамас бұрын бірінші болып Әнұран шырқалды. Қағылған қазықтай тұрған мына сарбаздар бірер минуттан кейін ант қабылдайды. Бұл – олардың әскери өміріндегі маңызды әрі ең жауапты сәттердің бірі.

Бүгінгі іс-шарада ант қабылдаған жас сарбаздардың қатарында Жангелді Жамалиев бар. Ол осы 1 айдың ішінде шыңдалып, әскери дайындық барысында өзін жақсы қырынан көрсеткені үшін үздік сарбаз атағын алған.

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, қатардағы жауынгер:

— Жалпы, әскери өмір өзіме ұнап жатыр. Келгенімізге көп болған жоқ. Ары қарай да қызметіміз жақсы болады деген үміттемін.

Жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне келген ата-аналардың қарасы қалың.

АСХАТ ҚАРАЖАНОВ, сарбаздың әкесі, Ақмола облысы:

— Бүгін осы 6637 әскери бөлімінде тұңғыш балам әскери борышын өтеуде. Өте қуаныштымыз.

Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін сарбаздар ата-аналарымен қауышты. Енді алдағы уақытта ұландықтар 6637 әскери бөлімінің бөлімшелеріне бөлініп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет ететін болады.

 

Ұлан Ыдырыс