Облыс әкімі жұмыс сапарымен Айыртау ауданына барды. Алдымен аймақ басшысы “Лесхоз – Шоққарағай – Сарыбұлақ – “Сырымбет” кен орны” бағытындағы жолдың жөнделуін тексерді. Оның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Маңызды істі қалайы өндірумен айналыстан жергілікті компания жүргізді. Жобаға 180 млн теңге қаржы бағытталған.
ИЛЬЯ ГОРШКОВ, «Tin One Mining» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры:
— Жолдың бойындағы топырақ қатпарын толық жаңарттық. Сапалы тегістеу жұмыстары жүргізілді. Кейбір тұстарды көктем кезінде су шайып кетуі мүмкін. Сондықтан қосымша 3 су өткізгіш құбырын орнаттық. Қазіргі таңда жолға су себу және оның тегістігін сақтау үшін грейдермен басу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан кейін өңір жетекшісі тұрғындардың жүріп-тұруына жағдай жасаған кәсіпорында болды. Бұл – Орталық Азиядаға жалғыз өндіріс орны. Ал Саумалкөлде “Мәңгілік ел” саябағы ашылды. Түрлі жасыл желек көмкерген, жаңадан жарық шамдары орнатылған демалыс орны ауылға ерекше сән бере түсті. Саумалкөл ауылының кішкентай тұрғындары жаңа саябақтың ашылғанына дән риза. Айыртау ауданының орталығында Металлургтер күні кең көлемде аталып өтілді. Салтанатты шара барысында сала мамандарын кәсіби мерекемен Ғауез Торсанұлы құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Кәсіби мереке – Металлург күнімен шын жүректен құттықтаймын! Металлургия – ел экономикасының тірегі саналатын маңызды салалардың бірі. Бұл еңбек зор жауапкершілікті, жоғары біліктілікті, төзімділік пен адалдықты талап етеді. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің арқасында өңірдегі өнеркәсіптік әлеует артып келеді.
Мерекеге орай аймақ жетекшісі сала үздіктерін марапаттады. Құрметке бөленген жандардың қатарында “Tin One Mining” серіктестігінің бас экологы Павел Добровольский да бар. Ол ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” төсбелгісімен наградталды.
ПАВЕЛ ДОБРОВОЛЬСКИЙ, “Tin One Mining” ЖШС бас экологы, Айыртау ауданы:
— Менің негізгі міндетім – кәсіпорындағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қажетті құжаттардың әзірленуін бақылау. Барлық жұмыс ҚР экологиялық заңнамасына сай жүргізілуі тиіс. Қазір жобалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіндеміз. Алдағы уақытта қалайы өндіру жұмыстарын бастаймыз. Бұл Қазақстанда қалайы өндіретін алғашқы кәсіпорын болады. Экология саласына әулетімізбен жақынбыз. Ата-анам, атам мен әжем де орман шаруашылығы саласында еңбек еткен.
Кейін Саумалкөл ауылының орталық алаңында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Сахнада танымал әнші Yenlik пен отандық эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас өнер көрсетті.
Ұлан Ыдырыс

