Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Аққайың ауданында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Бұған дейін өрт сөндірушілер апатты деп танылған ескі ғимаратта қызмет атқарған. Енді оның орнына жаңа техникамен, арнайы құрал-жабдықтармен, өрт сөндіру көліктеріне арналған кең бокстармен, сондай-ақ жеке құрамға арналған қызметтік және тұрмыстық бөлмелермен жабдықталған заманауи өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Жаңартылған бөлім 17 мыңнан астам тұрғыны бар 29 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Заманауи материалдық-техникалық база құтқарушыларға шақыртуларға жедел әрекет етіп, төтенше жағдайлардың салдарын тиімді жоюға мүмкіндік береді.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

— Дәл осындай форматта, осындай концепцияда 15-ке жуық ДЕПО-ны ретке келтірген болатынбыз. Енді осы Солтүстік Қазақстан өңірінің кезегі келіп жатыр. Осындай қуанышпен келу – біз үшін үлкен мәртебе. Осы стандарттан енді түспейтін боламыз. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Петропавл қаласында жаңа ДЕПО-мызды аштық. Қаншама аудан, ауылдарда құтқару станцияларын ашып жатырмыз. Бәрі де заманауи, жаңа форматта істеліп жатыр. Өте сапалы құрылыс, ішінде барлық жағдай жасалған біздің қызметкерлерге.

Жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің ашылуы – өңірдегі құтқару қызметін жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Салтанатты рәсім барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі заманауи еңбек жағдайларын жасау – ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, өрт сөндіру бөлімдерінің тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететінін атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бүгін бұрын апатты деп танылған осы өрт сөндіру бөлімінің Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен толық жаңғыртудан өткеннен кейін, қызметкерлер үшін барлық заманауи әрі жайлы жағдайдың жасалғанына куә болып отырмыз. Бұл – олардың сапалы қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтарымызды қорғауға қосымша кепілдік жасалды. Осы орайда, Аққайың ауданының тұрғындары атынан және жеке өз атымнан Төтенше жағдайлар министрлігіне, оның ішінде министр Шыңғыс Әріновке осы жобаны жүзеге асыруға көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін алғысымды білдіремін.

Бір ғана өрт сөндіру бөлімін жаңартумен жұмыс аяқталмайды. Солтүстік Қазақстан облысында өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда бұл мақсатқа облыстық бюджеттен шамамен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде заманауи өрт сөндіру техникасы, арнайы жабдықтар сатып алынып, бөлімшелер қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Өңірде азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамыту жоспарланып отыр.