Kurultai banner mobile

Қоғам

Афонькино ауылына 100 жыл: елді мекенде 15 млн теңгенің шағын футбол алаңы ашылды

Мамлют ауданына қарасты Афонькино ауылына биыл 100 жыл толды. Елді мекеннің мерейтойына арналған іс-шаралар легі жаңа шағын футбол алаңының ашылуымен басталды. Жобаның жалпы құны 15 млн теңгені құрады. Заманауи спорт нысаны жергілікті кәсіпорын мен аудан әкімдігінің қолдауымен салынды.

ЖАНДОС ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, “Агро-Рада” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

— Ауылдың 100 жылдық мерейтойына орай тұрғындарға тарту ретінде шағын футбол алаңын салып беруді жөн көрдік. Балалар үшін спорт пен білімге салынған инвестиция – болашаққа жасалған ең маңызды иневестиция. Осы алаң жеткіншектердің денсаулығының нығайуына және мықты спортшыларды тәрбиелеп шығаруға зор ықпалын тигізеді деген сенімдемін.

Қазіргі уақытта ауылдың дамуы агроқұрылыммен байланысты екені белгілі. Афонькинода мұндай екі бірдей кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Екеуі де егін егеді. “Стан” серіктестігінің 6 мың гектарға жуық жері бар. Ауыл азаматтарының біразы осы агроқұрылымда тер төгіп жүр.

ҚАНАТ БЕКЕНОВ, “Стан” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

— Бүгінгі таңда 5 мың 900 гектар егістік алқабымыз бар. Соның қақ жартысына майлы және бұршақты дақылдар егеміз. Екінші жартысына егінді дақылдар егеміз. Жылдық өнімімізді жақсы алып жатырмыз. Биылғы жылы да жаңбыр уақытылы өтті. Бүкіл жұмысымызды атқардық. Болашақта жақсы егін орып, қамбаға саламыз деген ойымыз бар.

Қос кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі зор. Іскер азаматтар елді мекенді абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысады, мектепке материалдық қолдау көрсетіп тұрады. Мерейтойға жиналған ауыл тұрғындарын Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко құттықтады. Ол ауылдық аумақтарды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, әр елді мекеннің өркендеуі өңір мен елдің тұрақты дамуының берік негізі екенін айтты.

Ауылдың дамуына үлес қосқан тұрғындарға аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстау рәсімі өтті. Марапат иелерінің бірі – Нина Знайко. Нәзікжанды 14 жыл бойы жергілікті мектепке қиын кезеңде жетекшілік етіп,
қатардан қалмауға ықпал еткен. Бүгінде аталған білім ұясынан түлеп ұшқан жүздеген түлек жер-жерде елдің игілігі үшін еңбек етіп жүр.

НИНА ЗНАЙКО, Афонькино ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

— Біз ұжым болып 90-шы жылдардағы қиын кезеңдерді еңсердік. Мектебіміз жабылып қалған жоқ, керісінше, үздік білім ұяларының біріне айналды. Қазір мен зейнеткерлік демалыстамын. Ауылымыз жыл сайын көркейіп келеді. Бір кездері бізде телефон да болған жоқ. Қазір сапалы өмір сүруге қажет игіліктің бәрі бар.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен және спорттық жарыстармен қорытындыланды.

Аружан Султанова