Теріскейлік тәртіп сақшылары шекара асқан күдіктіге тұсау салды! Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген адамды Түркияда ұстады. Оның алаяқтыққа қатысы бар. Осыдан 4 жыл бұрын миллиондарды заңсыз иеленіп, Жерорта теңізі жағасына қашқан жігіт елімізге депортацияланды.
ҚАНАТ ИЛЮБАЕВ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
— 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 30 жастағы Қазақстан Республикасының азаматын Түркия Республикасында ұстады. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті 2021 жылдың тамызы мен қыркүйегі аралығында сыбайластарымен бірге жәбірленушілердің сеніміне кіріп, 6 млн теңгеден астам қаражатты алаяқтық жолмен иемденген.
Жалпы, жыл басынан бері өңір полицейлері алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 4 адамды ұстады. Қылмыстық істер материалдарына сәйкес, келтірілген жалпы материалдық шығын 568 миллион теңгені құрады.

