Елімізде энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың жаңа ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ол халықты сапалы су, жылу және жарықпен қамтамасыз етуге бағытталған. Республика көлеміндегі инфрақұрылымды жақсартуға 13 трлн теңге бөлінді. Бұл қаражат 80 мың шақырымды құрайтын тозығы жеткен желілерді қайта қалыпқа келтіруге арналған.
НҰРСҰЛТАН КЕРІМҚҰЛОВ, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:
— Жоба 2024 жылы қабылданған болатын. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде құрылыс, жаңару жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға қоса министрлік тарапынан да 1,9 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. 5 мың шақырым су және 2,8 шақырым кәріз жүйесін жаңарту көзделген.
Қомақты қаржының бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында игеріледі. Өңірімізде жалпы құны 45 млрд теңге болатын 36 жоба жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын нысандарда құрылыс шаралары қазірдің өзінде басталып кетті.
ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:
— Облыс бойынша жағдайға тоқталсақ, ең өзекті мәселе – желілердің тозу деңгейі. Мысалы, электр желілерінің тозу көрсеткіші 84% пайызды құрайды. Жылу желілері – 81, ал су құбырлары 53% тозған. Сондықтан биыл жауапты компаниялар арқылы тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Маңызды жоба 2029 жылға дейін толығымен жүзеге асады деп жоспарлануда. Осы уақытқа дейін республика бойынша инфрақұрылымның тозу деңгейін 40% азайту міндеті тұр.

