Kurultai banner mobile

Мәдениет

СҚО-да “Мерейлі отбасы” анықталды

Өңірде “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Петропавлда өтті. Жанұя құндылықтарын дәріптеу, үлгілі адамдарды көпшілікке таныту мақсатындағы дәстүрлі конкурсқа биыл да ондаған отбасы қатысқан. Соның 30-ға жуығы финалға шықты.

Финалға жолдама алғандардың бір бөлігі номинация иегерлері атанып, қошеметпен сахнаға шықты. Ал Шал ақын ауданынан келген Қасымовтар жанұясы “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы облыстық кезеңінің екінші орынан жеңіп алды. Отағасы – кәсіпкер, ал ошақ иесі – ұстаз. Ерлі-зайыпты 4 баланы тәрбиеліп өсірді.

КҮЛӘНДА ҚАСЫМОВА, “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жүлдегері, Шал ақын ауданы:

— Мен 1992 жылы Бірлік ауылына мұғалім болып орналастым. Содан бері 33 жыл қызмет етудемін. Сол жылы жолдасыма тұрмысқа шықтым. Отбасының мықтылығы сыйластыққа байланысты деп ойлаймын.

Ал жеңімпаз – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Мұрат Қаражұмановтың жанұясы. Бұл отбасы Мамлют ауданының ғана емес, күллі облыстың мақтанышы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ерлі-зайыпты бүгінде немерелерінің қылықтарына тоймай жүр. Ал ауыр жұмыстан әлі қол үзген жоқ.

МҰРАТ ҚАРАЖҰМАНОВ, “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы, Мамлют ауданы:

— Балаларыма, немерелеріме адал жұмыс істеу керектігін әрдайым айтып отырамын. Бүгінгі жеңіске қуаныштымыз. Жеңіске барлығы лайықты болды.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға гүл шоқтары, бағалы сыйлықтар табысталды. Енді «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұрат Қаражұмановтың әулеті ұлттық байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайды. Ақтық сайыс тамыз айына жоспарланған.

 

Байболат Құлтанов