Қазір ел көлемінде мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінде өңірде 682 мың тоннадан астам пішен, және 153 мың тонна пішендеме жиналды. Бұл Солтүстік Қазақстан облысында бекітілген жоспарлы көлемнің 70%-ын құрайды. 2026–2027 жылдардағы малды қыстату кезеңіне дайындық аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп мал азығын дайындау жоспарын бекіткен болатын. Жоспарға сәйкес 25,7 млн тонна пішен, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құнарландырылған жем дайындалмақ. Биыл мал азықтық дақылдардың егіс алқабы 3,32 млн гектардан асып, өткен жылмен салыстырғанда 243 мың гектарға ұлғайды. Сонымен қатар, егістік алқаптарындағы мал азықтық дақылдардың үлесі 14 пайызға дейін жеткізілді. Бұл мал шаруашылығының жемшөп қорын нығайтуға мүмкіндік береді деп жазылған бейінді министрліктің сайтында. Сондай-ақ, министрлік тұрақты түрде жедел штаб отырыстарын өткізіп, мал азығын уақтылы дайындау, өңірлердің жұмысын үйлестіру және алдағы қысқы кезеңде мал шаруашылығы саласының жемшөпке деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету мәселелерін қарайды.

