Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Еуропалық Одақ елшісі Алешка Симкич және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла М.Жұмабаев ауданында болды. Меймандар облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевпен бірге әуелі аудан орталығында өткен жиынға қатысты. Басқсоуда өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету жайы сөз болды. Бұдан соң өкілдер аудандық емханаға бас сұқты. Делегация медициналық мекеменің жағдайымен танысып, дәрігерлермен тілдесті.
Қарақоға ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт те делегацияның назарынан тыс қалған жоқ. Мамандар ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі жайлы ақпарат алып, телемедицина жүйесімен танысты.
Бұдан соң ЕО мен ДДСҰ-ның өкілдері аудандағы “Аққайың” жазғы сауықтыру лагерінде жаңа маусымның ашылу салтанатына қатысты. Сауықтыру орнында биыл барлығы 6 маусым ұйымдастырылады.
МҰРАТ ОРТАМЫШЕВ, “Аққайың” сауықтыру лагерінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:
— Әзірге 3 маусым өткізіп, 300 баланы қабылдадық. Алдағы уақытта тағы 3 маусым ұйымдастырамыз. Біздің лагерімізде садақ ату, вокал, би, сурет салу сынды үйірмелер бар. Биыл демалыс орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 50 млн теңге жұмсалды.
Қазір лагерьде 100-ге тарта бала тынығып жатыр. Олардың демалыс орнына келгеніне небәрі 1-2 күн болған. Ұл-қыздар мұнда келмес бұрын арнайы тексерістен өтіп, екпе алған.
ДИАНА СОКАРЕВА, демалушы:
— Мен бұл лагерьге Полудино ауылындағы балаларды қолдау орталығынан келіп отырмын. Мұнда барлығы ұнайды, тынығы үшін жақсы жағдай жасалған. Өзім сурет салу үйірмесіне қатысамын.
Іс-шара барысында балалар қонақтарға арнап концерт ұйымдастырды. Өз кезегінде халықаралық ұйымдардың өкілдері ұл-қыздарға арнайы әкелген сыйлықтарын табыстады.
АЛЕШКА СИМКИЧ, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі:
— М.Жұмабаев ауданындағы медициналық нысандар мен бірнеше әлеуметтік нысанның жұмысымен таныстым. Барлығы жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Телемедицина жүйесі жұмыс істеп тұр екен. Бұл – кейбір дамыған еуропалық елдерде жоқ технология. Еуропалық Одақ балалар денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Осы орайда “Аққайың” жазғы сауықтыру лагеріне келдік. Бұл жер маған ерекше ұнады. Ұл-қыздарға барлық жағдай жасалған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла да аудандағы медицина саласының дамуына оң бағасын берді.
СКЕНДЕР СЫЛА, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі:
— Біздің басты мақсатымыз – аудандағы, жалпы облыстағы денсаулық сақтау саласының жұмысымен танысу. Бұл өңірде медицина айтарлықтай дамыған. Емханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер тиісті құрал-жабдықпен қамтылған. Медициналық қызметкерлер мен халық арасында берік қарым-қатынас орныққан.
Сондай-ақ, ЕО және ДДСҰ-ның өкілдері аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің вакциналау бойынша атқарып жатқан жұмыстарына да көңілдері толатынын жеткізді.
Ұлан Ыдырыс

