Kurultai banner mobile

Денсаулық сақтау

Адам папилломасы вирусының алдын алу: өңірге иммундық профилактика орталығының мамандары келді

Облысқа жұмыс сапарымен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы иммундық профилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева келді. Мақсат – теріскей тұрғындарына адам папилломасы вирусы жайлы әңгімелеп, оның алдын алу мақсатында егілетін екпенің пайдасын түсіндіру. Аталған вакциналау түрі елімізде 2 жыл бұрын қолға алынды.

НҰРШАЙ ӘЗІМБАЕВА, ҚР ДСМ ҚДСҰО иммундық профилактика орталығының басшысы:

— АПВ әлемде кең таралған. ДДСҰ мәліметі бойынша әрбір адам өзінің өмір кезеңінде жоқ дегенде бір рет осы вирусты жұқтырып алады. Халықтың 80 пайызының осы вирусты жұқтырып алу мүмкін екен. Жұғу жолдары өте жеңіл: су арқылы, тұрмыстық қатынас арқылы, монша, сауна, бассейн сияқтыларда жұқтыру қаупі өте жоғары. Қолмен амандасқан кезде, қоғамдық көлікке мінген кезде де жұғуы мүмкін.

Адам папилломасы вирусы ағзада қылаң етіп белең алғанға дейінгі кезең байқалмауы мүмкін. Ағзаға түскен вирус жатыр мойнының рагы және өзге де онкологиялық ауру тудыруы ықтимал. Мамандардың айтуынша аталған қауіпті дерттен қорғанудың бірден-бір сенімді жолы – вакцина әрі ұлттық орталық өкілдері екпе қауіпсіз деп отыр.

НҰРШАЙ ӘЗІМБАЕВА, ҚР ДСМ ҚДСҰО иммундық профилактика орталығының басшысы:

— Қазір Қазақстанда қолданылып жатқан Гардасил вакцинасы жоғары онкогендік ауруларды тудыратын 4 типке қарсы қорғайды. Неліктен қыз балаларға қойылады деген сұрақ бар. Бұл вирус ер балаларға да, қыз балаларға да тиесілі болуы мүмкін. Ер балалар да қыз балалар сияқты осы вирусты жұқтыруы мүмкін. Бірақ дүниежүзінде жатыр мойны обыры көп кездесіп, өлім-жітім көп болғандықтан ең бірінші кезеңде барлық мемлекеттер қыз балаларды вакциналауды қолға алып отыр. Алдағы уақытта ұл балаларға да қою жоспарланған.

Тегін екпе 11 мен 17 жас аралығындағы қыздарға ата-анасының келісімімен қойылады. Екі жылдың ішінде елімізде адам папилломасы вирусына қарсы екпе 472 мың бұрымдыға қойылған.