Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Петропавлдағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

Жұмыс тобы ең алдымен іскерлік, спорттық және қонақүй инфрақұрылымын біріктіретін жаңа көпфункционалды кешеннің құрылыс алаңына ат басын бұрды. Ауқымды жоба 50 сотық жерді алып жатыр. Қазіргі уақытта инвестор дайындық кезеңін аяқтап, жобалық құжаттаманы әзірлеуде. Сонымен қатар, қонақүйдің болашақ операторымен келіссөздер жүргізіп жатыр.

ДИНАРА КУЛИБАЕВА, «АА CAPITAL» жобаларының жетекшісі, «HARVEST AGRO» тобы:

— Құрылысты келесі жылдың көктемінде бастауды жоспарлап отырмыз. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр, оператормен келіссөздер үстіндеміз. Жұмысқа халықаралық операторды тартып жатырмыз. Бұл конгресс-холлы және спорт орталығы бар төрт жұлдызды қонақүй болмақ.

Жоба бойынша 100 бөлмелі 8 қабатты қонақүй, заманауи конгресс-холл, мейрамхана, іскерлік аймақтар, сондай-ақ дзюдо залы мен фитнес-аймағы бар екі қабатты спорт орталығы салынбақ. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 7,5 млрд теңгені құрайды. Инвесторлар құрылыс пен пайдаланудың халықаралық стандарттарын сақтай отырып, жобаны екі жыл ішінде жүзеге асыруды көздеп отыр. Келесі нысан – Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жанындағы салынып жатқан субұрқақ. Бұл жаңа нысан қоғамдық кеңістікті абаттандырудың бір бөлігіне айналады. Ол суды сүзудің заманауи жүйесімен, сәулеттік жарықтандырумен және музыкалық сүйемелдеумен жабдықталады.

АРМЕН ПАГАСЯН, «RENAISSANCE CONSTRUCTION GROUP» ЖШС директорының орынбасары:

— Жаңа субұрқақ бес құрылымдық топтан тұрады. Оның құрамында орталық қондырғы, көбікті ағын, билейтін және ашылып-жабылатын гүл пішінді элементтер мен желпуіш жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар, нысан 10 әннен тұратын арнайы музыкалық бағдарламамен жабдықталады және оның репертуарын жыл сайын жаңартып отыруға мүмкіндік бар.

Жұмыс сапарының тағы бір нысаны – «RIXOS» көпфункционалды кешенінің құрылыс алаңы. Қазір мұнда соңғы корпустың іргетасын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба бойынша 112 нөмірлі заманауи қонақүй бой көтереді. Кешен ішінде кең лобби, панорамалық терезелері бар фитнес және спа-орталықтар, 150 орындық конгресс-холл мен салтанат залы ашылады. Нысанның басты ерекшелігі қыс мезгілінде трансформацияланатын, яғни жабық ғимаратқа айналатын ашық террасалы мейрамхана болмақ. Сонымен қатар, жоба аясында 180 пәтерлі тұрғын үй кешені салынады. Оның аумағы толық абаттандырылып, серуендеу аллеясы, автотұрақтар мен балалар ойын алаңдары пайдалануға берілмек. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

ЯКУБ ЯНАРДАГ, «YDA GROUP» холдингінің өкілі:

— Сколько получается длина сваи? 12 метров, под каждый дом 450 свай у нас. Бизнес-центр там, гостиница здесь, жилые дома здесь у нас.

Келесі нысан – 1905 жылы салынған көпес Поляковтың бұрынғы бу диірменінің тарихи ғимараты. Ауқымды реставрациялау жұмыстарынан кейін мұнда 82 бөлмелі заманауи «PANA» қонақүй кешені ашылады. Инвесторлар сәулет ескерткішінің тарихи келбетін сақтап қалуды көздеп отыр. Мұрағат материалдары бойынша кірпіш қасбеттері мен жоғалған декор элементтері қалпына келтіріледі, сонымен бірге ғимарат заманауи қонақүй сервисінің стандарттарына бейімделеді. Инвестиция көлемі 10 млрд теңгені құрайды, кешен іске қосылғаннан кейін 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын келесі жылдың шілде айында аяқтау жоспарлануда. Соңғы нысан «Қызылжар» эко-паркінің аумағындағы болашақ аквапарк алаңы болды. Жобаны тәжірибесі бар Түркиядан келген әлеуетті инвестормен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланған. Құрылысқа арналған жер телімі анықталып қойған. Алдын ала тұжырымдама бойынша заманауи демалыс аймағы бір уақытта 2 мыңға жуық келушіні қабылдай алады. Құрылысты биыл бастап, 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр. Жаңа аквапарк отбасылық демалыс орнына айналып, Петропавлдың туристік инфрақұрылымын толықтырады деп күтіледі.