Жиында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өз сөзінде денсаулық сақтау саласын дамыту әрқашан ерекше назарда тұратын басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылып, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Заманауи цифрлық шешімдер енгізіліп, аурулардың алдын алу және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Тараптар әсіресе халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру ісіне баса назар аударды. Сондай-ақ, өңірдегі емдеу мекемелеріне заманауи халықаралық тәсілдерді енгізу және саланың қазіргі заманғы сын-қатерлер мен жаһандық қауіптерге тұрақтылығын күшейту мәселелері сөз болды.
АЛЕШКА СИМКИЧ, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі:
— Сапарымыздың мақсаты – Қазақстандағы Еуропалық Одақ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерін көрсету. Атап айтқанда, иммундау жүйесін жетілдіру, халықтың денсаулық туралы сауаттылығын арттыру, қоғаммен байланысты нығайту және денсаулық сақтау саласындағы болашақ қауіп-қатерлерге дайындықты күшейту.
Айта кетейік, өңір мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы ынтымақтастық ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Соңғы екі жылда Франциямен бірлесіп телемедицина жобалары жүзеге асқан.
СӘКЕН ӘМРИН, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
— Қазір облыстың аудан орталықтарында 16 телемедицина кешені жұмыс істейді. Соның арқасында шалғай ауыл тұрғындары ұзақ жол жүрмей-ақ қашықтан білікті медициналық көмек ала алады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы бірлескен жұмыстар да жалғасуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі доктор Скендер Сыла өңір басшысына «Салауатты қала» атты бастаманы енгізу туралы ұсынысын айтты. Бұл жоба қазіргі таңда Еуропалық Одақтың 100-ден астам қаласында сәтті жүзеге асырылып келеді екен.
СКЕНДЕР СЫЛА, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі:
— Егер өңір «Салауатты қала» бастамасына қосылса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құралдарына қол жеткізіп, халықаралық сарапшылардың тәжірибесін пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Бұл жергілікті денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және тұрақты дамуды нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, сапар барысында ДДСҰ мамандары өңірдегі емдеу мекемелерінің жұмысына мониторинг жүргізуде. Халықаралық сарапшылар жергілікті жүйені зерделеп, озық тәжірибелермен бөліседі.

