Kurultai banner mobile

Қоғам

Еңбектің еңсесін тіктейтін елеулі іс

Есіл ауылындағы Еңбек ауылында жылда ақ түйенің қарны жарылады. Былтыр елді мекенде мектеп ашылып, тұрғындардың төбесі көкке жетті. Ал биыл түтін түтететін үйлердің саны артпақ. Нақтырақ айтсақ, бір кездері есіктеріне құлып салынған баспаналардың тамырына қайтадан қан жүгіреді. Бұған себепші – жергілікті серіктестіктің басшысы.

ҚАЙЫРБЕК ҚОЖАСОВ, «Бай Еңбек» ЖШС басшысы, Есіл ауданы:

— Кіндік қанымыз тамған жерге маңдайымыздың тері де таму керек. Былтыр 50 орындық бастауыш мектеп салдық. Ал биыл көшіп кеткен адамдардың үйін сатып алып, күрделі жөндеуден өткізудеміз. Оңтүстіктен ағайындар келмекші.

Алдағы уақытта шаттық орнайтын шаңырақтар қаладағы үйлерден кем түспейді. Баспаналарға су кіргізілген. Қыста жылы болу үшін де тиісті жұмыстар атқарылады. Осындай үйдің бірінде Ақжарқын Қосмұратова тұрып жатыр. Бір кездері Түркістан облысынан жанұясымен көшіп келген азаматша ауылға сіңісіп кеткен. Өзінің жеке кәсібі де бар.

АҚЖАРҚЫН ҚОСМҰРАТОВА, Еңбек ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

— Грант алдым, жеке кәсіпкерлік аштым. Қазіргі таңда айран, құрт, май жасап, сатудамын. Жан-жақтағы ауылдарға, Петропавлға, Астанаға сатамын. Мал шаруашылығымен айналысуға болады. Өте қолайлы. Қайырбек Қажығалиұлы жәрдем береді.

Еңбек – еңбек сүйген жандардың ауылы. Бірлігі де бекем. Соның арқасында алға жылжып келеді. Бұдан өзге елді мекендегі азаматтар үлгі алуы тиіс.

ҚАЙЫРБЕК ҚОЖАСОВ, «Бай Еңбек» ЖШС басшысы, Есіл ауданы:

— Өзіміз 1997 жылы ауылдың жерін алып, егін еге бастадым. Басында қиын болды. Қазір Президент тарапынан, Үкімет тарапынан көмек бар.

Туған жерінің дамуын көздейтін кәсіпкердің ендігі ойы – бастауыш мектепті 9 сыныптық мектепке айналдыру. Ал ол үшін ауылда оқушы санын арттыру керек. Қайырбек ағамыз бұл күнге де ерте ме, кеш пе жетеміз дейді.

Жаннұр Бектұрғанова