Елімізде 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша барлық буын қызыға оқитын 10 шығарма айқындалды. Тізім республикалық маңызы бар өңірлердегі 17 кітапхананың мәліметі негізінде жасалды. Қатарды Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұясы” бастап тұр. Тізім Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионерімен» тұйықталады. Көптің көңілінен шыққан 10 еңбектің бәрі Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында бар. Мұнда бүгінде барлығы – 218 мыңнан астам кітап сақтаулы. Білім ордасының қызметкері Бейсхан Хавдолланың айтуынша әр оқырманның жан қалауы әртүрлі болып келеді. Бастысы, кітапханаға отбасымен келіп кітап алатындар жиілеген.
БЕЙСХАН ХАВДОЛЛА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
— Бұл кітапхананың негізгі көрінісі балалар кітапханасы болғандықтан, бұл жерде әсіресе жазғы мезгілде, ата-аналар балаларының қолдарынан жетектеп алып келіп, осы жерде кітап оқытқызып жатқанын, оқырман және қызметкер ретінде көргенде қатты қуанып қалады екенсің. Осы 10 кітаптың арасынан көзіме шалынып қалғаны – Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұя” шығармасы. Біз Бауыржан Момышұлын Кеңес Үкіметі кездегі батыр, жауынгер ретінде елестетсек, бұл шығармада адамның тұтас өсуі, қалыптасу деңгейі, баланың белгілі бір мөлшерде бір адамға еліктеуіне ықпал ететін туынды. Сондықтан, бұл кез келген отбасылардың сөресінде тұруы қажет кітаптар деп ойлаймын.
Облыстық балалар кітапханасында бүгінде 11 мыңға жуық оқырман бар. Мамандардың айтуынша кітап оқуға құмар жандардың қатары қалыңдап келе жатқан көрінеді. Әсіресе, кіші буын оқушылары жиі келеді екен. Жас оқырман
Полина Будникова кітапты отбасымен бірге оқиды. Игі дәстүр қалыптасқан жанұяда айына бірнеше кітап оқылады екен.
ПОЛИНА БУДНИКОВА, оқушы:
— Маған отбасыммен бірге отырып кітап оқыған ұнайды. Ерекше әсер аламын. Жақындарым маған терең мағыналы туындыны түсінуге көмектеседі. Бос уақытымда көбірек кітап оқуға тырысамын. Маған негізі қиял-ғажайып жанры ұнайды.
Елімізде бүгінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріліп жатыр. Кітап оқуға құмар жан әрі білімді, әрі мәдениетті болатыны сөзсіз. Қоғам білімқұмар әрі мәдениетті болса ел де қарыштап дамиды. Президент биыл «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат аясында «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу көзделген. Білікті маман Бейсхан Хавдолланың айтуынша бұл бастама белгіленген межеге жетуге зор ықпал етеді.
БЕЙСХАН ХАВДОЛЛА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
— Қаулыға қол қойылған кезде бірінші болып қуанған адамдардың бірі – ол әдебиетті оқитын емес, әдебиетпен айналысатын адамдар деп ойлаймын. Сол тұрғыдан алып қарағанда, өз басым қатты қуандым. Біз осы күнге шейін кітап оқиық деп айтып жүрдік, бірақ та біздің, сіздің, жалпы халықтың ойында жүрген арманын Президенттің айтуы, бұл үлкен бетбұрыс әкелді. Кез келген мекемелерде, кеңселерде бұл үрдіс қалыптасып жатыр. Алдағы уақытта қазақ әдебиетінің оқырмандарының саны артады деп ойлаймын.
Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытумен қатар, отбасымен бірге кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға да ерекше мән беріліп келеді. Бұл игі үрдіс ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, баланың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті дарытып қана қоймай, отбасы мүшелерін ортақ құндылық төңірегінде біріктіреді.

