Петропавлда Қала күні аясында республикалық “Қазақстанның үздік тауары-2026” көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының 30-дан астам тауар өндірушісі қатысты. Іскер жандар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Аталмыш байқау біздің өңірде соңғы рет 2023 жылы өткізілген болатын.
МАГАМЕД ДУДАЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
— Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – облыстық, ал екіншісі – республикалық. Қазіргі күні өңірлік кезең аяқталды. Оның барысында іскер жандар 3 номинация бойынша сынға түсті. Атап өтетін болсам, ол – азық-түлік, өндірістік әрі халық тұтынатын тауарлар бағыты. Нәтижесінде әр номинациядан үш финалист анықталды. Байқауға қатысу үшін өтінімдер 1-ші шілдеге дейін қабылданды. Іскер жандарға қойылған негізгі талап – кәсіпорынның мемлекеттік меншікке тиесілі болмауы.
Сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша байқауда 3 номинация бойынша 9 финалист анықталды.
Байқау жеңімпаздарының тізімі:
“Үздік азық-түлік тауарлары” номинациясында жеңіске жетті:
1. «Северный бройлер» құс фабрикасы» ЖШС (құс етін өндіру);
2. «МОЛСЕРВИС» ЖШС (сүтті қайта өңдеу және сүт өнімдерін өндіру);
3. «Масло-дел» ЖШС Петропавл қаласындағы филиалы (сүт және май өнімдерін өндіру).
“Халық үшін үздік тауарлар” номинациясы бойынша үздік атанды:
1. «Фабрика кормов» ЖШС (YUMMI брендімен үй жануарларына арналған жем);
2. «PETRO-PUH» ЖШС (тоқыма бұйымдары және төсек-орын жабдықтары);
3. ЖК Жукенова А .С. (тігін өндірісі және дизайнерлік тоқыма).
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы жеңіске жетті:
1. «NORD PANELS» ЖШС (экспорттық фанера, престелген поддондар және ағаш пеллеттерін өндіру);
2. «SMB GROUP FAMILY» ЖШС (полипропилен ыдыстар мен ірі тонналы қаптамалар өндіру);
3. «TT-ENGINEERING» ЖШС (жоғары технологиялық топырақ өңдеу техникасын жобалау және өндіру).
Айта кетейік, өңірлік кезеңде жеңіске жеткен 9 финалист осы жылы “Қазақстанның үздік тауары-2026” байқауының республикалық кезеңінде бақ сынайды. Аталмыш іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.

