Kurultai banner mobile

Спорт

Петропавлда FIFA 2026 бойынша аймақтық турнир өтті

Төрткүл дүние футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатына көз тіксе, ондаған петропавлдық FIFA 2026 бойынша өткен аймақтық турнирге қатысты. Бұл – футбол видеоойыны. Жарысты облыстық киберспорт федерациясы өткізді. Сайыста саусағы шапшаң, ойы ұшқыр әуесқойлар бақ сынады.

АЛДИЯР АРАС, турнир ұйымдастырушысы:

— Турнирімізге 40-қа жуық адам қатысып жатыр. Олар 8 топқа 5 адамнан бөлінді. Алдымен өзара күш сынасады, кейін үздіктер ширек және жартылай финалға жолдама алады. Осылай чемпионды анықтаймыз. Біз осындай сайыстар арқылы Солтүстік Қазақстан облысында киберспортты дамытатын боламыз. Болашақта бұдан да ауқымды жобаларымыз бар.

Сырт көзге экрандағы талас тартысты көрінбеуі мүмкін. Ал егер адам ықылас танытып, сайыстың динамикасын сезінсе, ерекше күй кешеді. Залда осындай жанкүйерлер болды. Олар қатысушыларға қолдау танытып отырды.

Турнир өте ұнады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Атмосфера тамаша.

Көп ойын болды, тартысты матчтардың куәсі атандық. Уақытты көңілді өткізіп жатырмыз. Керемет жарыс.

Атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бізде қалада FIFA бойынша мұндай деңгейдегі іс-шаралар болған жоқ.

Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтар, кубоктар мен медальдарға ие болды. Айта кетейік, қыркүйек айында облыстық киберспорт федерациясы осы футбол видеоойыны бойынша лига жасақтап, ауқымды жарысты бастамақ.