Бұл – Петропавлдағы дүкендердің бірінде болған жағдай. Полицейлер жақындаған сәтте қыз бен жігіт сауда орнына кіріп кетіп, тұтынушы рөлін сомдаған. Осы сәтте ұнтақ тәрізді зат салынған ораманы сөреге қойып үлгерген. Ұстау барысында 25 жастағы ер адам қарсылық танытты. Ал 18-дегі серігі қашып кетуге әрекет жасады.
— Понятые, обратите внимание: как поясняет задержанный… Видите? Как он говорит: «Я стоял у кассы», – при задержании. Видим, что имеется свёрток.
Осылайша, синтетикалық есірткі өткізді деген күдікке ілінгендер құрықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, жігіт ұсталған кезде есірткілік масаң күйде болған. Ал биыл ғана кәмелетке толған бойжеткеннің алкоголь мен психикаға әсер ететін заттарды пайдаланғаны үшін Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталды.
НҰРИСЛАМ ІЛИЯСОВ, қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі:
— Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында аталған азаматтардан шығу-тегі белгісіз 11 орама тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат 160 грамм болатын «спайс» психотроптық зат екені анықталды. Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын таратқаны үшін күдіктілерге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қоса кету керек, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары есірткі жеткізудің 15 арнасының жолын кесті.

