Қазақстан мектептерінде медициналық қызмет көрсетудің жаңа стандарттары енгізілмек. Енді оқушылардың профилактикалық тексеруден өткізілуі толығымен цифрландырылатын болады. Бұдан бөлек алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, орта буын медицина қызметкерлері арнайы оқудан өтетін болады.
МАҒРИПА ЕМБЕРГЕНОВА, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:
— Бүгінгі таңда профилактикалық тексерулерді жай ғана өткізу емес, олардың жоғары сапасын қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін медицина мамандарының біліктілігін арттырып, оларды заманауи диагностикалық құралдармен қамтамасыз ету қажет.
Реформа аясында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, алдағы уақытта 2 мыңнан астам медбике арнайы біліктіліті арттыру курстарынан өтеді. Медициналық ұйымдарға арнайы диагностикаға қажетті 900-ден астам жабдықтар жинағы бөлінеді. Ақ халатты абзал жандар балаларды хирургия, офтальмология, оториноларингология және стоматология бағыттары бойынша жіті тексереді. Мониторинг апта сайын ұйымдастырылады. Тексеру нәтижелері автоматты түрде тіркеліп, медициналық ұсынымдардың орындалуы онлайн бақылауда болады. Ал ата-аналарға арнап бала денсаулығын қадағалау үшін цифрлық жүйе құрылады.
МАҒРИПА ЕМБЕРГЕНОВА, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:
— Баланың амандығы – денсаулық сақтау жүйесінің, білім беру саласының және ата-аналардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан біз ведомствоаралық іс-қимылды күшейтіп, мектеп оқушыларын сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастырып жатырмыз.
Жаңашылдықтар мектеп медицинасын жаңа деңгейге көтермек. Заманауи, технологиялық диагностика ауруды емдеп қана қоймай, оны дер кезінде анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаннұр Бектұрғанова

