Kurultai banner mobile

Экология

Есіл ауданында “Мөлдір бұлақ” экологиялық акциясы өтті

“Таза Қазақстан” республикалық бастамасы аясында еліміздің барлық өңірінде “Мөлдір бұлақ” экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – бұлақтар мен су айдындарын тазалап, оларды абаттандыру. Аталмыш іс-шара Есіл ауданында да өтті. Оған еріктілер мен белсенділер қатысты. Акция аясында Покровка ауылы маңында бұлақтың ресми ашылу салтанаты өтті.

НИКИТА ЗАБАВИН, “Есіл су” филиалының бас инженері:

— Акция барысында “Есіл су” филиалы бұлақтың аумағын күл-қоқыстан тазартып, кіреберіс жолды жөндеп, демалыс алаңын абаттандырды. Сондай-ақ, мұнда самалжай орнатылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы, өңірде 10-ға жуық бұлақ бар. Оның төртеуі осы экологиялық акция аясында жаңартылды.

Ашылу салтанатына ҚР Су ресурстары министрлігінің Су ресурстарын реттеу және есепке алу басқармасының басшысы да қатысты. Ол өз сөзінде акцияның басты мақсаты табиғи су көздерін тазалау ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, су ресурстарына ұқыпты қарауды насихаттау екенін атап өтті.

ЕРБОЛ ӘБЖАНОВ, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

— Бұлақ суына арнайы зертхана мамандары химиялық талдау жүргізді. Оның қорытындысына сәйкес, ондағы су барлық бекітілген талаптарға толық сәйкес келеді. Жергілікті тұрғындар да бұлақ суының сапасына оң бағасын берді.

Бұдан бөлек акция барысында қатысушылар бұлақ төңірегіне ағаш көшеттерін отырғызды. Айта кетейік, жалпы республика бойынша “Мөлдір бұлақ” акциясына 11 мыңнан астам адам қатысты. Оның нәтиждесінде 60-қа жуық бұлақ пен 35 су айдыны тазартылды.