Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Күшейтілген рейдтердің алғашқы түнінде-ақ полицейлер мас күйде көлік басқарған төрт бірдей жүргізушіні анықтады. Сонымен қатар, қазір ауыл тұрғындарының жүк тасымалына да белсенді назар аударылған. Мәселен, Ақжар ауданында тәртіп сақшылары 45 жастағы жергілікті тұрғынды тоқтатты. Ол тізгіндеген «Volkswagen» маркалы көлікте ветеринариялық құжаттарсыз тасымалданған екі жылқының еті болған. Қазіргі уақытта шенділер еттің ұрланған малдыкі еместігін тексеріп жатыр. Ал бірнеше күн бұрын осы ауданда «Nissan» автокөлігін басқарған адамның тіркемемен жеті қойды тасымалдағаны белгілі болса, Ғ.Мүсірепов ауданында «Mercedes» жүк көлігіне екі сиырдың тиелгені анықталды. Бүгінде мал ұрлығы болуы мүмкін деген күдікті жоққа шығару үшін тексеру жүргізілуде. Қос жағдайда да жүргізушілер ветеринариялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

