Kurultai banner mobile

Экология

Белсенділер Шоқан Уәлиханов ескерткішінің маңын тазалады

Петропавлда “Таза Қазақстан” республикалық бағдарламасы аясында апта сайын іс-шаралар өткізіледі. Облыс орталығында 80-ге жуық ескерткіш бар. Жастар ресурстық орталығының еріктілері қала бойынша мониторинг жүргізеді. Кейін ластанған аумақты ретке келтіреді. Бүгін қала жастары мен белсенділері Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңындағы саяжолға жиналып, “Эко-десант” акциясын ұйымдастырды. Акция аясында ауқымды абаттандыру және тазалау жұмыстары жүргізілді. Еріктілер ескерткіш айналасын қоқыстан тазартып, саяжолдын көркін келтірді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Жыл басынан бері біз “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында 80-нен астам іс-шара өткіздік. Әр іс-шара қаланың көркін, тазалығын сақтау мақстында атқарылады. Біз қоғам үшін тәртіп пен тазалыққа және қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауға үлгі бола аламыз деп сенеміз.

Бүгін бұл маңға 20-ға жуық белсенді жиналды. Қолдарында – сыпырғыш пен қоқыс салатын қаптар. Еріктілердің бірі – Олжас Қисаев. Ол мұндай іс-шараларға жиі қатысатынын айтады.

ОЛЖАС ҚИСАЕВ, ерікті:

— Біздің қала саябақтарында жерде жатқан қоқыс көп кездеседі. Сондықтан мен ерікті болуды шештім”, “Осындай іс-шараларға жиі қатысып жүремін. Ерікті болу – мен үшін жақын іс. Егер әркім тазалық жұмыстарына белсенділік танытса, еліміз көркейе түседі деген ойдамын.

Жиыстыру жұмыстарынан кейін белсенділер жалғызбасты зейнеткерлерге көмек қолын созуға аттанады. Олар ата-әжелердің ауласын жинап, қыстық отынын дайындап береді.

Жаннұр Бектұрғанова