Облыс орталығында халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалінің қорытынды гала-концерті өтті. Бірнеше күнге созылған фестиваль мыңдаған көрерменнің басын қосып, жанды музыка мерекенің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Сахна төрінде танымал өнер майталмандары мен дарынды орындаушылар жоғары деңгейдегі концерттік бағдарлама тарту етіп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Әр өнерпаз өз шығармашылығымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, кештің көркін аша түсті. Солардың бірі – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі – Бүркіт Жанай.
БҮРКІТ ЖАНАЙ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі:
— Фестивальге жыл сайын қатысып отырамын. Биыл алғаш рет жеке авторлық орындауымдағы ән шырқадым. Бір жағынан бұл мерекелік концерт қала тұрғындары мен қонақтарына әдемі әсер қалдырып, керемет көңіл-күй сыйлайды.
Кештің басты қонағы – танымал эстрадалық әнші ALEM. Тыңдарман қауым сөздеріне қарағанда әртісті асыға күткен сыңайлы. Бес жылдың ішінде QYZYLJAR MUSIC FEST өңірдің мәдени өміріндегі айтулы жобаға айналып, Солтүстік Қазақстанның мәдени бренді ретінде кеңінен танылды. Фестиваль өнерді ұлықтап қана қоймай, өңірдің шығармашылық әлеуетін танытып, мәдени туризмнің дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналды.

