Спорт

Петропавлда триатлон мен дуатлоннан ашық қала чемпионаты өтті

Пестрое көлінде Петропавлдың туған күніне орай ересектер, жасөспірімдер мен балалар арасында триатлон мен дуатлоннан ашық қала чемпионаты өтті. Жарысқа 150-ге жуық спортшы қатысты. Дуатлоншылар – 8 бен 10 жас аралығындағы ұл-қыздар

ЕВГЕНИЙ ШУМАКОВ, бас төреші:

— Бұл жарысқа қаламыздың белсенді балалары қатысуда. Қатысушыларға қойылатын талап – велосипеді мен басты қорғайтын шлемінің болуы. Дуатлоншылар 500 метрді қос дөңгелекті көлікпен бағындырады. Сосын 200 метрге жүгіреді.

Додада жеңіске жеткен дуатлоншы – Әмір Сейпиев. 10 жастағы жеткіншек велосипедтің құлағында ойнайды әрі өзі желдей жүйрік.

ӘМІР СЕЙПИЕВ, жарыстың жеңімпазы:

— Мен өзімнің бірінші келе жатқанымды біліп, жеңіске жететінімді сездім. Жарыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Жарысқа 1 айға жуық дайындалдым. Өзімнің еңбегімнің арқасында 1-ші орын иелендім. Велоспортты таңдаған себебім – маған жылдамдық ұнайды.

Сонымен қатар, ересектер мен жасөспірімдер арасында триатлоннан жарыс өтті. Қатысушылар 300 метрге жүзді, 8 шақырымды велосипедпен бағындырды және 2 жарым шақырымға жүгірді.