Петропавл қаласының туған күніне орай аптаның жексенбісі жарқын шараларға толы болды. Солардың бірі – ашық аспан астында ұйымдастырылған бояулар фестивалі. Жұртшылық бұл күні Пестрое көлінің жағалауына жиналды. Адам көп. Жүздерінен қуаныш лебі есіп тұр. Өйткені, бүгін – мереке. Облыс орталығының 274 жылдығын атап өту үшін өзге қалалардан арнайы қонақтар шақырылыпты. Павлодарлық Максим Рамирус
Петропавлда бірнеше рет болған. Айтуынша, келген сайын қаланың бір қадам көркейе түскеніне көз жеткізеді.
МАКСИМ РАМИРУС, іс-шараны жүргізуші, Павлодар қаласы:
— Бұл – дәстүрге айналған шара. Павлодар, Көкшетау, Қостанай қалаларынан көптеген талантты диджейлер келді. Бәріміз бірге жоғары деңгейдегі шоу ұйымдастыруды мақсат етіп отырмыз. Қала тұрғынарына ұмытылмас әсер сыйлаймыз деген ойдамыз. Ең бастысы – адамдардың жүзінен қуаныш көру.
Көл жағалауы музыка мен би, шат-шадыман күлкіге толды. Түрлі конкурс өткізіліп, қатысушылар бағалы сыйлық ұтып алу үшін бақтарын сынады. Балалар көбік шашып ойнады. Ал бояулар фестивалінде көпшілік ерекше әсерге бөленді.
Жаннұр Бектұрғанова

